Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі тергеу изоляторынан босатылмады

Ақтөбе қаласының N2 соты Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаевтың қамаудан үйқамаққа ауыстыру туралы адвокаттарының өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылдың ақпан айында қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (Басқаға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе иемдену) бойынша айыпталған Ермек Имантаев қамауға алынып, Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторында отыр. 

Сотталушының адвокаттары алдын ала тыңдау барысында істі қосымша тергеуге қайтаруды және денсаулығының нашарлауы мен жүрегіне ота жасауына байланысты бұлтартпау шарасын қамауға алудан үйқамаққа ауыстыруды сұрады.

Бүгін сот өтініштерді қанағаттандырудан бас тартты. Соттың айтуынша, сотталушының қорғаушылары көрсеткен кемшіліктер айтарлықтай емес және басты сот талқылауына кедергі келтірмейді. Ал тергеу изоляторындағы дәрігерінің 2023 жылғы 12 шілдеде берген анықтамасы бойынша бұрынғы шенеунікті қамауда ұстау мүмкін екенін көрсетеді.

"Қамау" бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды. Бірақ алдағы уақытта сотталушының денсаулығы нашарласа, сот өтінішті қайта қарауы мүмкін", - деді төраға.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысының экс-әкімінің қамауға алынғаны осы жылдың ақпан айында белгілі болды. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны (ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігі) үшін күдікке ілінген.

Талқылау