Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде сібір жарасы бар қорымдарды су басып қалды
Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде үш сібір жарасы көмілген жерді су басты. Санитарлық дәрігерлер топырақ сынамасын алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Ветеринария басқармасының өкілдері әзірге алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
"Қазір бізде Мәртөк, Әйтеке би және Темір өңірлерінде сібір жарасының көмілген жері бар. Олардан сынама алынды. Әзірге жұмыс жалғасып жатыр”, – деді Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы.
Санитарлық дәрігерлер сібір жарасы көмілген орындардың жағдайын тексереді. Зертханалық тексерулермен қатар, мамандар биологиялық және бактериялық зерттеулерді де жүргізеді.
"Біздің облыста 122 сібір жарасының жерленген орны бар. Былтыр 178 топырақ сынамасы зерттелді, олардың барлығы теріс”, – деді Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, облыстағы су тасқыны салдарынан Ойыл ауданындағы 3 мал қорымы мен 2 зират су астында қалды. Су тартылған соң мамандар бұл жерлерді дезинфекциялауды көздеп отыр.
Сондай-ақ бүгін су тасқыны салдарынан қырылған ауылшаруашылық жануарларының нақты саны белгілі болды.
"Барлығы 3232 бас мал өлген. Оның ішінде 662 бас ірі қара, 210 бас жылқы, 2358 бас ұсақ мал, 2 шошқа. Барлық жануарлардың мәйіті табылып, өртелді. Малдың басым бөлігі Ойыл өңірінде қырылған. Қазір бүлінген жерлер жөнделіп жатыр", – деді Бердімұрат Бекжанов.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты сібір жарасының 14 қорымы ашылып кеткені туралы жазған едік.