Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе облысында әріптесін атқан сарбазға үкім шықты

"Қиялы" шекара бекетінде әріптесін атқан әскери қызметкер сотталды. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"Қиялы" шекара заставасының жауынгері Р.Байбақтинге алғашында Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылып, тергеу амалдары жүргізілді. Кейін қылмыстық іс "Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру" бабы бойынша сараланды.

"Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚК-нің 99 бабы, 1-бөлігі "Адам өлтiру" бойынша іс сотқа жіберілді. Сотта өлтірілген адамның Байбактинге қатысты жүйелі түрде заңсыз, әдепсіз әрекеттер жасағаны анықталды. Бұл мән-жайлар куәгерлердің жауаптарымен расталды. Сонымен қатар Ақтөбе, Алматы және Астана қалаларында сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалар жүргізілді. Мамандар қылмыс жасаған кезде Байбақтин аффект кезінде болған деген қорытындыға келген. Сот отырысында бес сарапшы жауапқа тартылды. Барлығы бірауыздан Байбактин қылмысты құмарлықтың күйінде жасады деген қорытындыға келді", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот іс материалдарын зерделеп, сарапшылардың қорытындыларына сүйене отырып, Байбактиннің ҚК 101-бабы, 1-бөлігі бойынша әрекетіне талдау жасады.

"Яғни сотталушы 2023 жылдың 2 желтоқсанында аффект күйінде кісі өлтірген. Атап айтқанда, жәбірленушінің жүйелі заңсыз, әдепсіз мінез-құлықтарынан туындаған ұзаққа созылған психикалық күйзеліс жағдайына байланысты. Кісі өлтіру кенеттен күшті эмоционалдық толқу (аффект) жағдайында жасалған", – деп хабарлады қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

13 қыркүйекте сот үкімімен Байбактин Қылмыстық кодексінің 101-бабының 1-бөлігінде қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаларды қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтейтіні белгіленді. Сотталған азаматтан моральдық шығын өндірілді. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.



Еске салайық, 2021 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам бақилық болған еді. Тағы 100 адам жараланып, бірнеше үй жарамсыз күйде қалды. Осыдан кейін апатқа айыпты деп қос сарбаз Ерпулат Тұранов пен Әсет Әшірбай қамауға алынды. Сот оларды алдымен 9 жылға бас бостандығынан айырып, кейін жаза мерзімі 13 жылға ұлғайды. Ал, офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Талқылау