Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе маңындағы елдімекен тұрғындары жылу жоқ деп шу шығарды

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы елдімекеніндегі мектеп пен ондаған тұрғын үйде жылу жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Орталық жылу магистралінде әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарғалылықтардың жылу таратушы мекемеге өкпесі қара қазандай. Ашынған жұрт жаз бойы жөнделмеген құбырларды күздің қара суығында көре қалды дейді. Соның кесірінен елдімекенде елуден астам отбасы суық үйде сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр.  

“Біз жарар, үлкен адамдармыз. Балалар бар ғой, немерелер бар. Таңертең онға дейін жатады, жылу жоқ. Пеш қосамыз, газ жағып, сонымен отырмыз. 2-3 күн болды істегендері. Былай труба жоқ деп жатыр ғой”, – дейді Қарғалы ауылының тұрғыны Боранбай Нұрсейітов. 

“Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. 10 күнде әді бір жұмыс істелген жоқ. Қыркүйектің аяғында бірыңғай жылу беретін еді. Биыл масқара!” – дейді тағы бір тұрғын Қалибек Шатаев. 

Аудандағы мыңнан астам бала оқитын мектепте де жылу жоқ. Кейбір сабақтар онлайнға ауыстырылған. Негізгі пәндер ғана мектепте өтеді. Директор бүгін электр жарығы да сөніп қалғандықтан, оқушыларды амалсыз үйлеріне қайтардық дейді. Жұрт жаппай электрлі жылыту құралдарын қолданып, желілер шамадан тыс жүктемеге шыдамай, істен шығып жатқан көрінеді.  

“Мектеп тарапынан жылы желдеткіш – тепловые завесы дейді, соның сегіз данасын алып, бөлмелерге қажет температураны ұстап тұрмыз. Ол тоқпен жылытылады. Балалардың сабаққа келмеу себебін, ауырғандар бар ма осы салқыннан деген сияқты анализ жасап отырмыз”, – дейді М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің директоры Жасұлан Жанайдаров. 

Құбырды жөндейтін мердігер мекемені анықтау үшін көктемнен бері бірнеше рет мемлекеттік байқау жарияланған. Бірақ жеңімпаз тек тамызда анықталған. Бас инженер ескі құбырды қазып шығару жұмыстары қыркүйекте басталса да, жаңа құбырдың бағасы бірнеше рет өсіп кеткен, ал компания қажетті материалды кеш сатып алған дейді. Бұл кемшіліктер үшін мердігер де, коммуналдық мекеме де Қарғалы халқынан кешірім сұрады.  

“Халықтың алдында кінәміз бар ғой, жылуды уақытына беру керек еді. Біздің мердігер мекемелер тездетіп жұмыс істеуі керек еді. Енді қазір мердігер мекеме осы жетінің аяғына дейін жетпеген құбырдың орнына көнесін уақытша салып, жылу береміз деп уәде беріп отыр”, – дейді “Aqtobe su-energy group” АҚ бас директорының орынбасары Айтбай Дауылбаев

Коммуналдық кәсіпорын өкілі 22 қазанда үйлерге жылу беріледі деді. Ал синоптиктердің болжамынша, ертең өңірде күн күрт суытады.  
 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 19 Қазан, 2021 21:24
Талқылау