Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда ұшақ апатынан қаза болған әзірбайжандықтардың денесі елдеріне жіберілді

Ақтау түбінде ұшақ апатынан қаза тапқан 24 Әзірбайжан азаматының, оның ішінде үш экипаж мүшесінің денесі еліне жөнелтілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәйіттер Әзірбайжанға жіберілгенін таратты.

Осы күндері мәйіттерді анықтау бойынша қажырлы жұмыс жүргізіліп, ДНҚ сараптамасы мен туыстарының көмегімен де іс-шаралар жүргізілгені атап өтілді.

Әуе апатынан аман қалған 29 адамға сапалы медициналық көмек көрсетілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астанадан келген білікті мамандар емдеді.

"Тірі қалған 14 Әзірбайжан азаматы медициналық көмек алған соң үйлеріне жіберілді", – деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Маңғыстау облысының әкімдігі жергілікті атқарушы органдар ұшақ апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыра беретінін баса айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

Талқылау