Ақтауда әйелдің мәйіті пәтерде бір жыл жатқан
Ақтауда әйелдің мәйіті пәтерінде бір жыл жатқан. Әйелдің сыртқа шықпай жүргенін байқаған көршісі полицияға хабар берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inAktau басылымына сілтеме жасап.
4 шағын аудандағы №20 үйден әйелдің мәйіті табылды. Бұл туралы көршісі мәлімдеген. Ол әйелдің сыртқа көп шықпайтынын және төлемдердің де уақытылы жасалмағанын байқаған.
"Жел соққан күні жағымсыз иісті сездім. Бастапқыда жертөледен шықты деп ойладым. Кейін әйелдің COVID-19 өршіген кезде мерт болуы мүмкін деген ой келді. Білуімше, оның Ақтауда туыстары жоқ. Мұндай жағдайлар туралы БАҚ-тан оқитын едім. Пәтер төлемдерінің соңғы рет өткен жылдың наурызында төленгенін білдім. Полицейлер есікті ашып кіргенде әйелдің төсекте жатқанын көрген. Мәйіт бір жылға жуық жатқан. Әлеуметтік желі арқылы туыстарын тапты", – дейді көршілерінің бірі.
Облыстық полиция департаментінде мәйіттің табылғаны туралы ақпараттың 15 сәуірде түскенін мәлімдеді.
"Әйелдің мәйіті табылды, зорлық белгілері жоқ. Хабарламаға жедел-тергеу тобы жіберілді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", – делінген полиция департаментінің мәлімдемесінде.