Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қаржылық сауаттылыққа үйрететін блогер қыз зорлағаны үшін сотталды: Ол Қырғызстанға қашпақ болған

Stan.kz редакциясына жәбір көрдім деген қыз хабарласып, көмек сұрады. Ол ұсынған материалдар бойынша 13 қыркүйекте қаржылық сауаттылыққа үйрететін блогер оны зорлағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда күдікті шешіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданған. Жәбірленушінің айтуынша, блогердің адвокаты бұрын Алматы қалалық сотының төрағасы болыпты. Ол адвокаттың бұрынғы әріптестері арқылы шешімге әсер етіп, айыпталушының жазадан құтылып кетуінен қорқады. 

2022 желтоқсанында қыз аталмыш блогерден қаржылық сауаттылық бойынша кеңес алғысы келген. Duman_neo парақшасымен белгілі Думан Ерқанат толық кеңес беру үшін оны жеке кездесуге шақырған. Қыз криптовалюта айналымы туралы айта бастаған кезде ол есікті кілттеп, қызға зорлық көрсеткен көрінеді. Жәбірленуші бірден шағымданып, сотқа жүгінді. Айтуынша, шешім шыққанға дейін оны аңдып, бопсалағандар болды.

Іс материалдары бойынша, блогер сотта кінәсін толықтай мойындаған, істеген қылмыстық ісіне шын ниетпен өкініп, сотта жылап, жібірленушіден кешірім сұраған..

“Он ай көлемінде оның таныстары мен жақындары мені қорқытып, көлікпен қағып кетеміз немесе қышқыл төгіп кетеміз” деп бопсалады. Көлігіңе есірткі салып, сені ұстатып жібереміз, өзіңді кінәлі етіп, жеңіл жүрісті қыз деген қауесет таратамыз” деді. Барлық дәлелдер, дене жарақаттары, сараптамалар бар, тіпті сотталушының өзі кінәсін мойындады, сотта жылап, менен кешірім сұрады. Мені бопсалағандары үшін кешірім бермедім”, – дейді жәбірленуші.

Сонымен қатар тергеу барысында блогер қашып кетпек болып, Қордайдағы Қырғызстан шекарасында ұсталған екен. Сот жабық режимде өткен.

Бостандық аудандық №2 сотының судьясының шешімі бойынша ол кінәлі деп танылып, жәбірленушіге талап арызы үшін 3 миллион 117 мың теңге төлеуге міндеттелді және бес жылға сотталды.

Алайда ол апелляциялық тәртіпте іс қайта қаралып, тергеудің қайтадан басталғанына қыз наразы. Сөзінше, бұл заңсыз. 

“Оның адвокаты Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметін атқарған, тиісінше судьялар арасында оның бұрынғы әріптестері де бар. Алматы қалалық сотының судьялары блогер "зорлық" деген ұғымды түсінбегендіктен, Қазақстан Республикасының заңдарын білмегендіктен, кінәсын мойындады деп сот тергеуін негізсіз қайта бастады. Айыпталушы блогер қазір ақталып шығу үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Менің жалғыз қалауым – әділдік орнап, зорлаушының жазасын алуы. Ол ақталып шықса, менің өмірім мен денсаулығыма қауіп төнеді, себебі ол менен кек алуға ниетті", – деді қыз.

Қыз ер адамның беделді таныстары көп екенін тілде тиек ете отырып, іске біреудің әсері тиетініне, әділетсіздіктің құрбанына айналып қалуға алаңдаулы.

Stan.kz тілшісі Думан Ерқанаттың адвокаты Булытбай Мамытовпен тілдесіп, жағдайға қатысты пікірін және тергеудің не себепті қайтадан басталғанын сұрады. Ол апелляциялық сот шешімі шыққанша, ашық оқиғаны айтудан бас тартты. Алайда тергеу бұған дейін ат үсті жүргізілді деп санайтынын айтты.

“Мен сотталушының мүддесін қорғағандықтан, артық ақпаратпен бөлісе алмаймын. Алайда оның айтар уәжі бар, біз соны талдап жатырмыз. Мен қорғалушымды кінәлі немесе кінәлі емес деп шорт кесіп айта алмаймын.  Барлық оқиғаны жоққа шығармаймын, жағдайлар болды. Блогердің айтуынша, арада махаббат болған деседі. Алайда бәрін сот шешеді.  Іс бастан-аяқ тергелмегендіктен, тыңғылықты тергеуді талап еттік”, – деді Мамытов. 

Қазіргі таңда Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотта апелляциялық іс процесі өтуде. Сот барысында жәбірленушінің сөзіне сәйкес, сот тарапынан жәбірленуші қызға қысым көрсетіліп жатыр.

Жәбірленушінің айтуы бойынша, судьялар оған жабылып айқайлап, жауап алып, моралдық қысым көрсеткен, тіпті үйден шыққанына өзін кінәламақ болып, өздері өз қыздарына бұлай жасатпайтынын айтқан. 

“Не себептен судьялар мені бірінші рет онлайн режимнен көре тұрып  “опытный” әйел ретінде танығаны белгісіз, менің жоғары оқу білімім бар, дәрігермін. Судьялар этиканы сақтап, адал болу тиіс деп санаймын. Егер ертең Алматы қалалық соттың шешімімен мені зорлаған блогер ақталып, бостандыққа шықса, менен кек алмауына, мені өлтірмеуіне кім кепілдік бере алады?! Қазақстанда әділдік орнағанша, қанша әйел өлу керек?" – деп жылады жәбірленуші қыз.

Соңғы тыңдалым 1 желтоқсанда жабық режимде өтті. Соттың баспасөз қызметі шешім шыққаннан кейін ғана ресми түсініктеме беретінін мәлімдеді. 

Талқылау