Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында үш жасар бала әткеншекке соғылып, бауырының бір бөлігінен айырылды

Павлодар облысы Ақсу қаласында үш жасар бала ойын алаңында жарақат алған. Салдарынан ол 40 күнге жуық ауруханада, бір апта жансақтау бөлімінде жатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ozon.ru

Оқиға шілде айының басында болған. Алайда ата-анасы бір аптадан кейін ғана дәрігерге жүгінген. Баланың жаралары сыртқа білінбеген соң, үлкендер оның жағдайы ауыр екенін білмеген.

"Шілде айының басында бала ойын алаңында жарақаттанған. Оны әткеншек соққан", – деп хабарлады облыстық балалар ауруханасы.

Бір аптадан кейін баланың жағдайы нашарлаған. Ата-анасы баланың іші ауырғанын айтып, Ақсу қаласындағы ауруханаға жүгінген. 

“Дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде құрсақ қуысынын көп мөлшерде қан анықталды. Балаға іш қуысының доғал жарақаты, ішкі ағзаларының көгеруі, бауырдың оң жақ бөлігінің толық жыртылуы диагнозы қойылды. Сосын ішке қан кете бастады. Сондай-ақ балаға өкпе ісінуі және екінші дәрежелі геморрагиялық шок диагнозы қойылды. Санитариялық жедел жәрдем бригадасы Ақсу қаласына келіп, ота жасады”, – делінген аурухана хабарламасында.



Отадан кейін бала шұғыл түрде Павлодарға облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер сәбидің өмірі үшін тағы бірнеше апта күрескен.

"Жарақаты ауырлап, бауыры жарылып, көп мөлшерде қан жоғалтқан. Келесі күні баладан миының ісінуі пайда болды", – деді облыстық балалар ауруханасы.

Дәрігер-реаниматологтар церебральды ісіну мен жедел бауыр жеткіліксіздігін тоқтатты. Одан кейін хирургия бөлімшесінің дәрігерлері операциядан кейінгі түрлі асқынулармен күресіп, бауырдың регенерациясын қадағалады.

Жалпы, үш жасар бала ауруханада 37 күн жатып, 15 тамызда шығарылды. Ол біраз уақыт хирург пен гематологтың бақылауында болуы керек.

Дәрігерлер павлодарлықтардан балалардың жарақаты бір қарағанда жеңіл болып көрінсе де, дереу медициналық көмекке жүгінуді сұрайды. 

Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде “Счастливая жизнь” лагеріндегі ұзартылған күн тобында оқып жүрген 8 жастағы Арсений 11 шілде күні ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған әткеншектен құлап қайтыс болған. 

Талқылау