Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіпті ипотекаға іліктірмей отыр": Астанада жалғызбасты аналар бағдарлама бойынша баспана алу тізімінен шығарылған

Астанада “Бақытты отбасы” бағдарламасымен үй алуға кезекте тұрған жалғызбасты аналар тізімнен шығарылған. Биыл бұл бағдарламаға өзгерістер енгізілгендіктен несие алушылар санатынан айырылған аналар онсызда ұзақ күттірген пәтер мәселесіне наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Пәтерлерді жағалап балаларын жалғыз асырап жүрген аналар үшін бұл жаңалық жайсыз болды. Бір топ ана елордада осы мәселеге орай наразылықтарын білдірді. 

“Бізден ештеңе де сұрамады, ештеңе де айтпады. Толық емес отбасыларды баспана тізімінен шығарып тастаған. Онсызда қара жұмыс істеп балаларымызды асырап жүргенде, енді не істейміз? Сонда біз қалай баспана аламыз? Бізге жеңілдетілген несиемен ипотека алу мүмкіндігі өте қажет. Бізге бұл мүмкіндікті кері қайтаруы керек”,- деді жалғызбасты ана Гүлзабира Ермұратова. 

Биыл жеңілдетілген шарттармен несие беру үшін республикалық бюджеттен 51 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражатқа Отбасы банкі арқылы бес мыңға жуық жанұяға ипотека беріледі. Бағдарламаға көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұялар және жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ "I және II топтағы мүгедектер" санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар қатыса алады.



“Бәрінен шаршадық. Тіпті ипотекаға іліктірмей отыр. Кәдімгі ақшасына алатын нәрсені бермей отыр. 5%-бен алыңдар дейді, 2%-бен ала алмай отырсақ, қайдағы 5%-бен баспана алу?”- деді тағы бір ана Сабира Есімханова.

Бағдарламада қатысушылар тізімінен жалғызбасты аналардың алынып тасталынуына байланысты өзгерісті индустрия министрлігі енгізген. Алайда, ведомство бұл туралы мәлімет бермеген. Министрлік өкілі келесі апта арнайы жиын өткізіп, бар мәселе сол жерде түсіндірілетінін айтты. 

“Қазір басшылық іссапарда. Келесі апта Отбасы банк өкілдерімен бірлесіп брифинг өткізетін боламыз. Сол жерде барлық сауалдарға жауап береміз. Сұрақтарыңызды сонда қойсаңыздар болады”,- деді Тұрғын үй қатынастар басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалқұл.

Аналар талабымыз орындалмаса көшеге шығып наразылық білдіруге дайын екендерін айтуда.

Талқылау