Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ тілін ғана білдім, дүкенге барып нан алу маған қиын болатын": АҚШ-қа көшіп, табысты кәсіп бастаған қазақ жігіті өз оқиғасын айтты

Мақсаттың Америкада тұрып жатқанына үш жыл болған. Қазақстанда соңғы жылдары эстрада жұлдыздарымен жұмыс істеген ол туған елінде жағдайы да, табысы да жақсы болғанын жасырмайды. Айтуынша, АҚШ-қа өмірін өзгерту үшін көшкен. Бұл өміріндегі ең үлкен тәуекел болды, дейді жерлесіміз. Ағылшын, орыс тілдерін білмей мұхиттың ар жағына аттанған Мақсат Stan.kz тілшісіне өз оқиғасын баяндады. 

Еуропада 5 түн далада түнеген соң, АҚШ-қа көшемін деп шештім

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында өстім. Сол жақтан Алматыға көшіп, жұмыс істеп жүрдім. Соңғы жылдары дыбыс жазу студиясында қазақстандық көптеген эстрада жұлдыздарымен, соның ішінде 2 жыл Ғаділбек Жанайдың сату бойынша менеджері болдым. 

Әртістер тапсырыс береді, ал мен дыбыс және видео өнімді өңдеумен, клип түсіру кезінде көмек берумен айналыстым. Өмірде айналысқан ісімнің бәрі маған ұнайтын. Қазақстандағы ісім, өмірім ұнамағандықтан, АҚШ-қа көштім деп айта алмаймын. 

Адамда кейде іштей дағдарыс болады. Сол кезде жаңа серпіліс, өзгеріс керек. Осындай кезең менің басымнан да өтті. Осылайша, мен саяхаттай бастадым. Қытайға, Ресейге, одан ары қарай Еуропа елдеріне саяхаттадым. Барселонада жүргенде АҚШ-қа барып тұрсам қалай болады деген ой келді. Аз уақыттың ішінде Америкаға барамын деп шештім.

Саяхатқа шыққанда барлық ақшам "Астана банк" картасында еді. Барселонаға келгенде картам бұғатталып қалды. Қолма-қол ақшам болмады. Барлық ақша картада кетіпті. Қонақүйге бір күннің ақшасын ғана төлеген едім. Ары қарай басқа жақсы орынға ауысамын деп ойладым. Барселонада құрылысы жүріп жатқанына бір ғасырдан асқан "Саградо Фамилия" (Sagrada Família) аталатын шіркеу бар, оның құрылысы 2030 жылы бітеді деп жоспарлануда. Соның алдында кішкентай саябақ бар. Осы саябақтың алдында 5-6 күн қондым. Ең соңғы түні Америкаға кетемін деп шештім. 

Бұл менің өмірімде болған қызықты оқиғалардың бірі, қазір мұны күліп еске аламын. Қолымда жағажайдан сатып алынған көрпеше бар. Соны жамылып ұйықтап жүрдім. Далада саябақта жатқан кезде оындай жағдай басымнан өткен соң, АҚШ-та да өмір сүре алатын шығармын деген ой келді.

Қолымда 100 еуро бар еді, Алматыға қайтатын ұшақ Берлиннен алынып тұрған, ал Берлинге дейінгі автобус жолдарына да билет дайын. Қолымдағы бар ақшаға бір күн банан, келесі күні жұмыртқа алып жеп жүрдім. 2-3 еуро тұратын тамақтар алып, үнемдеп, осылай Алматыға да аман-есен оралдым. 

 

Қазақстанда айына миллионға жуық тауып жүрдім

Қазақстанда соңғы екі жылда жақсы табыс таптым деп айта аламын. Айына миллионға жуық, кейде одан аз, кейде 3 миллионға жететіндей қаражат тапқан кездер болды. Орта есеппен - 800 мың теңге деп айтуға болады. Сол кезде менің тапқан табысым айлықтан-айлыққа жететін. Қаржылық білімім болмағандықтан оны басқару жолын білмедім. 

Анам бастапқыда мені АҚШ-қа жібергісі келмейтін. Уайымдап, көңіл-күйі түсіп қалған еді. Қазір енді үйреніп кеткен соң,  қайтарғысы келмейді. Осы жақта қала бергенімді қалайды. 

 

Бұл жақта кедейлердің үйі, құжаттары, тамақтары бар

АҚШ-қа тез үйрендім десем болады. Қиындықтардың бәрін жеке тәжірибе деп қарадым. Қиындықтар арқылы мүмкіндіктер ашылады. Елдің ұнамаған тұстары болмаған сияқты. Алайда мұндағы тамақтар біздің көңілден шықпауы мүмкін.

АҚШ-та жалқау адамдар жетерлік. Әлемде АҚШ-тағы жағдай керемет деп айта береді.  Кедей адамдар өте көп. Десе де бұл жақта кедейлердің үйі бар, құжаттары, тамақтары бар, себебі олар фаст-фудпен тамақтана береді. Біздегі қымбатшылық адамның мүмкіндігінен асып кетеді, айлықтан айлыққа жетпейді. Ал мұнда олай деп айта алмаймын. 

Ең алдымен, мұнда достарымды, туыстарымды іздеймін, үйдің тамағын сағынамын. Қалғанның бәріне тез үйренуге болады. 

 

 "Американский пирог" жегім келеді дедім

Бұл менің АҚШ-қа бірінші рет баруым еді. Басқа елдерге осыған дейін виза алып жүрген болатынмын. Виза алатын кезде қызық оқиға басымнан өтті. Менің алдымдағы әйел кезек үшін ұрыс-керіс шығарып кеткен. Осы әйелдің кесірінен бес адамға визаға рұқсат бермеді. Бәрі көңілсіз болып шығып жатты. Қыздардың арасында жылағандары болды. Алтыншы болып менің кезегім келді. Алматыда елшілікте бәрі бір-бірін көріп отырады. Мен кіргенде қарсы бетте отырған елшіліктің қызметкері АҚШ-қа не үшін кетіп бара жатқанымды сұрады.  "Американский пирог" деген тіркес есімде қалып кетіпті. Оның не екенін де білмеймін. 

"Мен ""Американский пирог"-тың дәмін көргім келеді дедім. Қырсығып жауап бердім. Себебі визаны ешкімге бермегенін көзім көріп тұр. 

Орысша білмейтінмін, ал америкалықтардың орысшасын біз түсіне береміз. Сұхбат 40 секундқа созылған сияқты.

Елшілік қызметкерінің көңіл-күйі көтеріліп, жымиды. "Ок", деді, ары қарай нақты не деп айтқанын түсінбедім. "Төлқұжатыңды алып қаламын, басқа жерден барып аласың" дегендей болды. 

Осылайша, маған визаға рұқсат берілгенін білдім. Сұхбат бір минутқа да жеткен жоқ. Қатты қуандым деп айта алмаймын, себебі өз елімде де жағдайым жаман емес еді, тек АҚШ-қа барып көргім келетін. Досыма хабарласып, бір аптадан соң кететінімді айттым. 



Шетелде біз бөтен адамбыз, құшақ жайып ешкім қарсы алмайды

Нью-Йорқа келіп, қара жұмыстан бастадым. Шетелде біз бөтен адамбыз, құшақ жайып ешкім қарсы алмайды. Бірінші жұмысым жүк тасушы болды, одан кейін жұмысқа тұрғызатын агенттік тауып Мичиган штатына бардым. Сөйтсем, олар мені алдап жіберіпті, ол жақта жұмыс жоқ екен. 

Қонақүйге барып, адамдармен Google аударма арқылы сөйлесіп, "кез келген жұмыс істеймін, маған жұмыс керек" деп айттым. Олар мені орыстармен сөйлестірді. Жұмыс істеуге құжат керек екенін, көмектесетіндерін айтып, өз компаниясына шақырды. Осы компанияны басқаратын католик арабтар маған өте көп көмектесті. Сол жерде бір ай жұмыс істеп, содан соң Нью-Йоркқа қайтып келдім. Жұмыс тәжірибем осы қаладан бастау алады. 

Дүкенге барып нан алу маған қиын болатын

Тек қазақша сөйлей алатынмын, орысша білмейтінмін. Дүкенге барып нан алу маған қиын болатын. Келген соң бірінші орыс, содан соң ағылшын тілін меңгердім. Маған ағылшын тілін үйрену керек емес, себебі мен оқуға түсуге, диплом алуға тырысып жүрген жоқпын.

Қара жұмыстың маған пайдасы өте көп болды. Осындай жұмыста 30-35 жыл бойы жүрген адамдарды көрдім. Олар бұл елде табысты болу үшін білім керек деп айтатын. Алайда білім емес, талпыныс пен еңбек жеткілікті. 10-15 жыл жұмыс істеп, тіл білмейтін, дүкеннен тамақ алғанда қиналатындар бар. Мен осындай адамдарды көріп, "осылай жүре берсем, менің де болашағым осындай болады" деп ойладым, өзімді қолға алдым. Осылайша, афроамерикалықтар ғана баратын кафеге жұмысқа тұрдым. Ең бастысы, елде бір орында қалып кетпеу керек. 

Ағылшын тілін білу не білмеу маңызды емес. Тілді біле тұра, қара жұмыс істейтін адамдар бар. Себебі олар тек қана тіл біледі, ал оны білу жақсы өмір сүруге кепілдік бермейді. Бұл Қазақстанда тұрып, қазақша сөйлегеніңіз үшін барлық мүмкіндіктер ашылады дегенмен бірдей. Маңыздысы, талпыныс пен болашақты қалай көретініңіз. 


"Деректер арқылы ауруды анықтауға болады": АҚШ-та білім алып, қызмет етіп жүрген отандасымыз математика мен мотивация туралы 


Америкаға келген соң екі күннен кейін осында қаламын деп шештім

Америкада жұмыс көп, әсіресе, қара жұмыс тез табылады. Өз мамандығыңмен, мемлекеттік компанияларға жұмысқа тұру өте қиын.

Америкаға келген соң екі күннен кейін осында қаламын деген шешім қабылдадым. Адам өмірінде тәуекелге барып көру керек деп есептейтінмін. Шалқардан Ақтөбеге, одан Алматыға көштім. Одан ары АҚШ-қа. Мен үшін бұл өмірімдегі үлкен тәуекел еді.

Бұл жерде бір нәрсемен айналысам десең, құжаттарды рәсімдеу керек болса, бәрі оңай жасалады, тек ретін білсеңіз болды. 

 

Америкадағы алғашқы сотты жеңіп шықтым

Нью-Йорктың қасында кішкентай ауыл бар. Сол жақта автокөлікпен келе жатқанымда жанармай бекетіне кіру керек болды. Бір қыз қарсы жақтан келіп қатты соғып кетті. Онда жылдамдықтың шектеуі 25 км/сағат болатын. Бейтаныс қыз мені 45-50 км/сағатпен соқты. Мен де кінәлімін, жылдамдықты асырған ол да кінәлі. Осы уақытта полиция да келіп жетті. Маған ұнағаны полицияның жұмысы, адамға деген қарым-қатынасы. Мұнда ең бірінші қызметкерлер сіздің жағдайыңызды сұрайды: "бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па, жедел жәрдем қажет пе" деген сұрақтар қояды. 

Қыздың мас екені көрініп тұрды, ол жақта адамдардың есірткі қолдануы заңды. Бірақ есірткі қолданып, ішімдік ішіп көлік тізгіндеуге болмайды, ол үшін 2-3 жылға сотталып кетуіңіз мүмкін. Қыздың қатты қорқып қалғанын аңғардым, бірден байқадым десем де болады. Оның мені кінәлап шығуына болар еді. Осыны түсініп, кінәні өз мойныма алдым, ары кетсе, 2-3 мың доллар ақша кетер, бірақ ол қыз 2-3 жыл түрмеде отыруы мүмкін екенін ойлап осылай жасадым. Полиция да бәрін түсініп тұр, артық сұрақ қойған жоқ. Арада біраз уақыт өтіп, адвокат менің ісіммен айналысты, сот болды. Нәтижесінде 100 доллар шамасында ақша төледім, бұл мен үшін түк емес еді. Осылайша, бәрі жақсы аяқталды. 


"Тұрғындары өмірден ләззат алуды біледі": Отандасымыз Жаңа Зеландияның Қазақстаннан айырмашылықтарын атады 


Өз компаниямды ашып, 7000-9000 доллар табыс тауып жүрмін

 

Жеткізу қызметімен айналысатын компания ашқым келіп, команда жинадым. Осы кезде карантин басталып, барлық бастап жатқан ісіме тосқауыл болды. Пандемия кезінде не істерімді білмей жүріп, ойлана келе ең маңызды жұмыстарға назар аудардым. Сөйтсем, штаттан-штатқа тамақ, дәрі-дәрмек жеткізумен айналысатын қызметкерлер, өрт сөндірушілер, полиция қызмкеткерлері сұранысқа ие мамандар екен.

Өзім ашқан компаниям арқылы басқа үлкен компаниядан көлік жалға алдым. Оны айдап үйреніп, жұмыс бастап кеттім. Осы уақытта компаниям алғашқы табыс таба бастады. Сондай-ақ, инвестициялармен айналысуға көштім, акцияларды алып-сатумен айналысып жүрдім. Негізгі табыс көзім - акцияларға инвестиция жасау. Компанияма қатысты жоспарлар көп, оны алдағы уақытта іске асырамын.

Көлік, компания өзімдікі, 5-6 адам істейтін жұмыспен айналысу арқылы аптасына 7000-9000 доллар табамын, бұл бір адам үшін өте жақсы табыс. Себебі тура осылай жұмыс істейтін америкалықтар көп болса аптасына 2 мың доллар көлемінде табады. Бұдан миллионер болып кетесің деп айта алмаймын, алайда мұндай ақша инвестиция жасауға мүмкіндік береді. 

 

5000 доллар табыс уайымсыз өмір сүруге жетеді

Аптасына, айына 3 мың доллар табатын адамдар болады. Бірақ олар жайлы өмір сүреді. Ал кейбірі 10-20, тіпті 30 мың доллар табыс тапса да, жетпейді.

Жалғыз адам үшін Нью-Йоркте 3 мың доллар табыс ештеңеге жетпейді. Себебі бір бөлмелі үйді жалға алу 1500 доллардан басталады. Жүріс-тұрыс, тамақтың жайы бар екенін есепке алсақ, өміріңіз жалақыдан-жалақыға дейінгі күнкөріске айналады.

5000 доллар табыс уайымсыз өмір сүруге жетеді деп айтуға болады. Ал егер отбасыңызбен тұрсаңыз, 5000 долларға өмір сүру қиындау. Жақсы өмір сүру үшін әр отбасыға кем дегенде 12 мың доллар табыс керек деп ойлаймын. Бізбен салыстырып, қазақстандықтар бұл соманы көпсіну мүмкін. Бірақ бұл айлықтан-айлыққа ғана жететін ақша. 

Сол айлыққа бәрін алуға болады: қыдыруға, қымбат көлік (айына 500 доллар), мейрамханаларда тамақтану, жақсы өмір сүруге жетеді. Ал бізде орташа айлық 200 мың теңге болса, ол жетпей қалуы мүмкін. 

 

Қазір Қазақстанға қайтуға дайынмын

Қазір Қазақстанға қайтуға дайынмын. Өйткені мен үлкен тәжірибе жинақтадым. Қазақстанда да мүмкіндік көп екенін білемін. Бірақ анамның сөзін жерге тастамайын деп жүрмін. Алдағы уақытта анамды да көшіріп алсам деген ой бар. "Қазақстанға оралғым келмейді, АҚШ керемет" деп айтпаймын. Қазақстанға барсам, бұдан да жақсы өмір сүре алатыныма 100 пайыз сенімдімін. 

АҚШ-қа келгенде барлығына еңбек арқылы қол жеткізуге болатынын түсіндім. Болашаққа жоспарым - жақсы, бақытты өмір сүру. Адам лайықты әрі бақытты өмір сүруге талпыну тиіс. Сонда мақсаттар да біртіндеп орындала береді.

Америкаға барғысы келетін адамдарға: "қиындықтарға дайын болыңыздар" дер едім. Тіл білмесеңіз, психологиялық қысымға ұшырауыңыз мүмкін. Бірден басқа ортаға түсесің: Қазақстанда жақсы өмір сүріп жүріп, мында келгенде бірден әлеуметтік тұрғыда жағдайдың төмендеп кетеді, қара жұмысшыға айналып кетесің, бұл да оңай емес.

Ал енді қазақстандық жастар білімді, олар Америкаға баратын болса, ешқандай қиналмайды деп ойлаймын. Олардың алғыр екенін көріп отырмын. Мұндай жастарға кеңес те бере алмаймыз. Еңбекқор, білімді болса, олар түбінде нәтижеге жетеді. 

Талқылау