Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада 6 жастағы бала түнде әкесінің жол талғамайтын көлігін мініп кеткен

көлік
Фото: Видеодан скрин

Қызылорда облысы Арал ауданында түннің бір уағында 6 жастағы бала Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп жүрген. Оны полиция ұстап, жол-көлік оқиғасының алдын алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Арал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдеу кезінде көлік тізгінінде отырған баланы байқап, дер кезінде оны тоқтатқан. Осылайша, жол-көлік оқиғасының алдын алған. Тексеру барысында көліктің баланың әкесіне тиесілі екені анықталды.

“Кәмелет жасына толмаған баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оған қоса баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз үйден тыс жерде болғаны да есепке алынды”, – делінген хабарламада. 

Сот баланың әкесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды. Полиция қызметкерлері балаға және оның ата-анасына профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазір еліміздің барлық өңірінде “Балаларға назар аударыңыз!” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Полиция ата-аналардан бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауды сұрады. Ведомство кәмелетке толмағандардың көлік басқаруына жол бермеу және балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрмеуін қадағалау керегін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда сапасыз бензиннен көлік бұзылған жағдайда жөндеу шығындарын өтеу ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 11 Қыркүйек, 2026 09:47