Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АҚШ-та өмір сүру Қазақстанда өмір сүргеннен әлдеқайда жеңіл": Америкадағы заңгер жерлесіміз қазақстандықтар шетелге не үшін көшетінін айтты

Қазақсаннан төрт жыл бұрын шетелге аттанған жерлесіміз Айя Балтабек қазір Нью-Йоркте иммиграциялық мәселелермен айналысатын заңгер. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ қызы отанындағы қиындықтардан кейін Америкаға көшкенін айтады. Отанында жинаған тәжірибесі мен алған білімі шетелде орнығуына сеп болған. 

Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев ауылында туып өскен Айя осы аймақта мектеп бітіріп, Нұр-Сұлтандағы Қазақстан-Ресей  университетіне түседі. Осы ғылым ордасында заңгер мамандығын оқып, университетті бітіруге аз қалғанда "КазТранГаз" компаниясына ("ҚазМұнайГаз" компаниясына еншілес ұйым) орналасқан. Осы жерде 7 жыл жұмыс істеген. 

Бастапқыда хатшы болып, кейіннен заң бөліміне ауысқан. Осы қызметте ол АҚШ-қа кетерге дейін жұмыс істейді.

Айтуынша, жұмысындағы қиындықтар мен жағымсыз тәжірибе өзге елде орнын табуына, жетістікке жетуіне айтарлықтай әсер еткен.

Өз Отанымдағы негативті тәжірибе өзге елге сіңісуге көмектесті

"Тәжірибем айтарлықтай мол болғандықтан, шетелге көшу кезінде оның біршама көмегі тиді. Дегенмен осы жұмыста бірқатар қиындықтардан өтуге тура келді. Жұмыстағы адекватты емес қарым-қатынастың құрбанына айналып, елден кеткім келгендіктен, АҚШ-қа жол тарттым. Өз Отанымдағы негативті тәжірибе өзге елге сіңісуге көмектесті", - дейді Айя Балтабек. 

Айтуынша, АҚШ-та ұнағаны барлығына ешкімнің жеке өмірі маңызды емес екендігі. Себебі әркімнің өзінің қызықты өмірі бар. 

"Қазақстанда сіз шұлық пен резеңке тәпішке киіп алсаңыз, бәрі қолымен нұқып көрсетеді. Ал мұнда жалаңаш жүрсең де, бәріне бәрібір. Себебі әркімнің өмірі өзіне қызық, өз жұмыстары бастан асады", - дейді ол. 

Ешкімнің сізде жұмысы жоқ болғаны жағдайды қатты жеңілдетеді, дейді Айя. Оны тек АҚШ-қа келіп қана сезінуге болады дейді ол. Алайда оның елде әлі де үйреніспеген жайттары да жоқ емес. 

"Нью-Йорктегі қоқыс жинау әдісіне әлі де үйрене алмай келемін. Барлығы қоқыстарды аптаның белгілі бір күндерінде шығарып қойып, түнде алып кетеді. Бұл көрініс өте нашар көрінеді, себебі бізде қоқыстар ұзақ уақыт бойы тұрмайды", - дейді Айя. 


"Қазақстан 30 жылда бермеген нәрсені Нью-Йорк маған 4 жылда берді": Қазақ азаматы АҚШ-та иммигранттарға арналған хостел ашты 


АҚШ-та өмір сүру Қазақстанда өмір сүргеннен әлдеқайда жеңіл

Тарихи Отанынан жырақта жүрген ару бастапқыда АҚШ-қа барып немен айналысатынын білмеген де екен. Алайда елге жетіп, тұрақтанған соң, өзінің Қазақстанда білім алған заңгер мамандығын ары қарай дамытуды ойлаған. Оның себебі осы салада расымен де жұмыс істегісі келетінін түсінген. 

"АҚШ-қа көшіп жатқанда кім болатынымды ойланбадым: фотограф па, басқа маман ба, бәрібір, әйтеуір кетсем екен дедім. Тіпті болмаса тұрмысқа шығамын деп ойладым. Алайда бір өзіме еркіндік берілгенде де мен сол бұрынғы мамандығым бойынша жұмысымды жалғастырып кеттім. Ата-анам айтқандықтан емес, өзім іштей қалағандықтан зеңгер ретінде жұмыс істеп жүргенімді түсіндім. 

Қазақстанда болғанда мен әрдайым менде таңдау жоқ деп ойлайтынмын. Қоғамда экономистер, заңгерлер сұранысқа ие болғандықтан, осы бағытта қызмет ету керек деп ойладым. Алайда АҚШ-қа келіп таңдаудың көп екенін түсіндім. Қазір заңгер ретінде барлығынан артық жұмыс істеймін, бірақ осы істі барынша сүйіп орындаймын. Сенде таңдау бар екенін ұғыну өмірді әлдеқайда сапалы етеді", - дейді ол. 

Оның айтуынша, ағылшын тілін меңгермей Америкада тұрып жатқан қазақтар бар.

"Жалпы қазақ халқы жылдам бейімделеді, оқуға, білім алуға, мәдениетке сіңісуге тырысады. Мұнда келетіндердің көбі икемді, позитивті, ағылшын тілінде сөйлеуге ұмтылады, сапалы білім алуға ұмтылады. Ағылшын тілі бұл елде жетістіктерге тезірек жетуге мүмкіндік беретін құрал", - дейді ол. 

 

Егер ағылшын тілі деңгейіңіз жоғары болса, диплом қатты маңызды емес

Айя Балтабек Америкада жоғары білімнің аса қажетті емес екенін айтады. 

"Гарвард бітіріп келсеңіз де, ағылшын деңгейіңіз нашар болса, сізді жұмысқа алмайды. Ал егер қазақстандық дипломмен әрі ағылшын тілі деңгейіңіз жақсы болса, сізді ең төменгі жалақымен жұмысқа алады. Жалақыны көтеру үшін әр компанияға өзіңіз хабарласып, жоғары жалақы ұсынып жатса, өз басшыңызға басқа жаққа кетуге мүмкіндік туып тұрғанын айтып "әдіс-тәсілдер" қолданасыз. Осылайша бір жерден екінші жерге ауысып, жалақы көлемін көбейтіп жүруге тура келеді", - дейді ол.

Айтуынша, өзінің дипломы қазақстандық болғандықтан әрі өзі бітірген Қазақстан-Ресей университеті 2014 жылы жабылып қалғандықтан, елден заңгер білімі бар екенін дәлелдейтін құжаттар сұратуға мәжбүр болған.

"Заңгер мамандығы бойынша білім алғанымды дәлелдеу үшін өзім оқыған оқу орнының дипломын Қазақстанның мемлекеттік органдарынан сұраттым. Мен оқыған ЖОО жабылып қалғандықтан, шетелдік білімі бар заңгер екенімді дәлелдейтін құжаттарды Қазақстанның Білім министрілігіне жүгіне отырып алдым. АҚШ-та заңгер лицензиясын алу үшін BAR (заңгерлік лицензиясын алу үшін емтихан) емтиханынан өту аздық етеді, сондықтан осы жақтан магистратура оқып, қазақстандық білімім бар екенін дәлелдейтін анықтамаларды алдырдым", - дейді ол. 

Қазақстандықтар жағдай ауыртпалығын көтеріп жүргісі келмегендіктен елден көшеді

Заңгер қазақстандықтардың басқа елдерге көшу себебі елдегі тұрақсыздық пен кедейлікті сезінуінде дейді.

"АҚШ-қа сіңісу, елге бейімделу қиын болған жоқ. Маған мұндағы еркіндік ұнады, ешкім мені нұқымайды, мінеп-сынамайды. Қаржылық жағдай бойынша қиындықтар болды, бірақ біздің елде АҚШ-қа қарағанда өмір сүру қымбаттау. 

Қазақстандықтар әлемнің барлық елдеріне көшіп жатыр, тек АҚШ-қа емес. Басты себеп - жоғары жалақы, тұрақтылыққа деген қажеттілік. Елдегіге қарағанда кедейлік деңгейі мен шарасыздық күйін азырақ сезіну үшін көшеді. Қазақстанда халықтың біраз бөлігі жақсы өмір сүретіні белгілі. Бұл табыс орташадан жоғары болғанда немесе қолдайтын адамдар болса, Қазақстанда да өте жақсы өмір сүруге болады. Бірақ жағдайы орташа адамға өмір сүру қиын. Ал кедейлікте өмір сүру - бұл күнделікті ауыртпалық. Сондықтан қазақстандықтар осы ауыртпалықты көтеріп жүргісі келмейді", - дейді ол. 

Айтуынша, өзінің заңгерлік қызметіне жүгінетіндердің көбі қазақстандықтар, 45-47 пайызы - украиналықтар, қалғандары өзбектер, тәжіктер, орыстар; үндістер, қытайлар, сингапурлықтар да бар. 


"Кітабымнан кейін әйелдер қорлық көрсетіп жүрген күйеулерін тастады": Отандық жазушы "Поцелуй шымкентского" кітабы жайлы


АҚШ заңдарын үйрену әлдеқайда қызығырақ 

"АҚШ-та заң саласында білім алуым Қазақстанда оқыған біліміме қарағанда әлдеқайда қызық болды. Бұл жақта кодекстерді жаттаудың қажеті жоқ. Американың заң жүйесін, қиын болса да, мысалдар арқылы, оқиғалар арқылы зерттеген ыңғайлы. Алып жатқан білімім қатты ұнады. Оны оқу, түсіну тек шетелдіктердің ғана емес, АҚШ азаматтарының да көп уақытын алады. Себебі терминдері ауырлау. 

Алайда соған бейімделіп, үйренген соң өте тамаша сезімді бастан өткересің. АҚШ пен Қазақстан заңындағы ерекшеліктерді атап өтсем, алғашқысын оқу ыңғайлы әрі қызығырақ", - дейді Айя. 

 

Батыста ерлермен қарым-қатынас құрудағы айырмашылықтар

Айтуынша, достық қарым-қатынас құру бұл жерде әлдеқайда жеңіл. Егер шығыс жігітімен танысып, кездесуге барсаңыз, ол сізбен достық қарым-қатынаста жүрмейді,  "қалыңдығым боласың ба, болмайсың ба" деп бірден төтесінен қояды.

"Ал мұнда америкалықтар жылдар бойы достық қарым-қатынаста жүруге қарсы емес. Америкалық ерлерді достардың категориясында қанша уақыт "ұстағыңыз" келсе де, өз еркіңіз. Жігіт ретінде қарастырсаңыз, америкалық ерлер "ерке" емес. Олар ТМД-дан келген әйелдерді ерекше бағалайды. Әйелге біреуге ұнау үшін қатты тырысудың да қажеті жоқ. Мәселен, бізде баласы бар әйел таңдау категориясында ең төменгі орынға ығысады. Ал мұнда 40-тан асқан баласы бар әйел - ерлер үшін "гүлдеп тұрған" шағындағы келіншек. Ең басында келгенде 50 жастағы әйелдің 53 жастағы еркекке тұрмысқа шыққанын көргенмін. Күйеуі қалыңдығының туған күніне Ferrari автокөлігін сыйлаған. Бұл мені қатты таңғалдырған жәйт болды", - дейді ол. 

 

Кез келген шетелдік азаматқа бұл елде тұрақтап қалу оңай

"АҚШ-та иммигранттардың құқығы мәселесіне келетін болсақ, кез келген шетелдік азаматқа бұл елде тұрақтап қалу оңай. Ол үшін сізге тек дұрыс, жөні түзу адвокат тауып, келісу керек. 

Иммигранттар жұмысқа заңсыз тұрған кезде олардың құқықтары қорғалмаған деп ойлайды. Шындығында егер иммигранттардың заңсыз жұмыс істеп жатқаны және оларға белгіленген деңгейден төмен қаражат төленіп жатқаны (Нью-Йоркте бұл сағатына 15 доллар) анықталса, жұмыс берушіге көп мөлшерде айыппұл салынады. Штат бекіткен минимум табыс көлемін әрбір жұмыс берушісі кез келген иммигрантқа төлеуі тиіс", - дейді заңгер. 

 

Елге көшкен иммигранттардың құлағына алтын сырға...

Елге енді ғана көшіп келген иммигранттарға Айяның кеңесі:

"Нью-Йоркте марихуанна заңдастырылмағанын білу керек. Мәселен, Колорадо штатында далада шөп шегіп тұра беруге рұқсат, ал бұл жерде бір жағдайға ұрынып, онымен қоса, қалтаңызда марихуана табылса, басыңызға бәле болады. Бұл ережені көп адам білмейді, тіпті әртүрлі шөп шегуге арналған құралдарды қолдануға тыйым салынады. Әсіресе, заң ел азаматтарына иммигранттарға қарағанда қатал", - дейді ол. 

 

Талқылау