Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ туралы қызықты деректер

Америка – өзіндік ерекшелігі көп мемлекет. Ол әр азаматы сияқты өзінің american dream, яғни америкалық арманын жүзеге асырып, барлық жағынан ең үздік болуға тырысады. Stan.kz Америка Құрама Штаттары туралы 15 қызықты деректі ұсынады. 

  • АҚШ туының дизайнын 1958 жылы 17 жастағы оқушы жасаған. Бұл Роберт Хефтің үй тапсырмасы болған екен. Бір қызығы, ол өз жұмысы үшін 4- бағасын алған. 
  • 1956 жылы «In God We Trust» («Біз Құдайға сенеміз») АҚШ-тың ресми ұранына айналды. Болжам бойынша, ол азаматтық соғыс жылдары пайда болған. Ендігі ол америкалық банкноталардың бәрінен көрініс табуда.
  • Бостандық мүсінінің тәжіндегі жеті сәуле 7 құрлықты аңғартады. Олардың әрқайсысының ұзындығы – 2,75 метр, ал салмағы – 68,5 келі.
  • Егер қалтаңызда 10 доллар болса және ешқандай қарызыңыз болмаса, демек сіз америкалықтардың 25 пайызынан байсыз. Ал АҚШ-тың сыртқы қарызы 23 трлн долларға жеткен.
  • АҚШ-та балалардың шамамен 40 пайызы некесіз туылады. Бұл ең алдымен мемлекетте азаматтық некеде тұратын жұптардың саны неке қиғандардан аз болуымен байланысты. Бір қызығы, әрбір сегізінші ерлі- зайыпты интернет арқылы танысқан. 
  • Америкалықтардың 74 пайызы Құдайға сенетініне қарамастан, статистика бойынша, 42 пайызы елестің, 26 пайызы мыстанның барына, ал 24 пайызы реинкарнацияға сенеді. Сонымен қатар АҚШ ғылыми жұмыстар саны бойынша көш бастап тұр. Олардың 30 пайызы бүкіл әлемде басылады. 
  • АҚШ-та төрт бұрышты білдіретін ерекше ескерткіш (Four Corners Monument) бар. Бұл ескерткіш АҚШ-тың Аризона, Нью-Мексико, Юта және Колорадо сияқты төрт штаты тоғысқан жалғыз нүкте болып табылады. Бетондалған алаңқай ретіндегі алғашқы маркер 1912 жылы орнатылған. Артынша 1931 жылы қола диск жасалып, 1992 жылы Төрт бұрыш ескерткіші жасалды.
  • АҚШ-та ресми мемлекеттік тіл жоқ. Ағылшын тілін заң тұрғысында мемлекеттік тіл ретінде бекіту туралы бірнеше рет ұсынылған. Себебі ол америкалықтардың 80 пайызының ана тілі болып табылады. Алайда федералдық деңгейде мұндай шешім сол күйі қабылданбады. 
  • 1776-1967 жылдар аралығында АҚШ-та түрлі нәсіл арасындағы некеге тыйым салынған. 
  • АҚШ-та қызықты заңдар көп. Мысалы, Огайо штатында жексенбі күндері жүгері қауызын сатып алуға тыйым салынған. Жаңа Орлеанда өрт сөндіру гидранттарына қолтырауынды байлауға тыйым салынған екен. Ал Алабамада балмұздақты қалтаға салуға болмайды. Аризонада егер есекті ваннаға жатқызсаңыз, айыппұл салынады. 
  • АҚШ әскерилеріне мемлекеттің Қытайда жасалған туын пайдалануға тыйым салынған. 
  • АҚШ-тың Арканзас, Мэриленд, Миссисипи, Солтүстік Каролина, Оңтүстік Каролина, Теннесси және Техас сияқты 7 штатында атеистер мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Оған Конституциямен тыйым салынған. 
  • Доллар купюраларының 90 пайызында кокаинның ізі бар. Олардың бір бөлігі кокаинды иіскеу үшін, ал бір бөлігі есірткі сату бойынша келісімдер барысында пайдаланылған. 
  • Америкада есімі мен тегі толықтай сәйкес келетін 4 746 адам тұрады. Әдетте бұл – Томас Томас (Thomas Thomas).
  • АҚШ-тың әйелімен ажырасқаннан кейін сайланған жалғыз президенті – Рональд Рейган. Десе де АҚШ-та сағат сайын шамамен 100 ерлі-зайыпты ажырасады. 
Талқылау