"Кітабымнан кейін әйелдер қорлық көрсетіп жүрген күйеулерін тастады": Отандық жазушы "Поцелуй шымкентского" кітабы жайлы

Қазақстандық жазушы Дана Васабова қазақ қоғамындағы әйелдің рөлі, құқығы, ұят жайлы мәселелерді көтеріп жүрген ару. Отанынан жырақта жүрсе де, елінің жағдайын ойлап жүрген жас жазушы Stan.kz редакциясына берген сұхбатында  АҚШ-тағы өмірі мен "#Поцелуй Шымкентского", "#Дневник Алматинки" кітаптарын жазуына не түрткі болғаны, қазақ әйелдерінің өмірін қалай өзгерткені жайында айтты. 

"Дневник Алматинки" кітабының тұсаукесері

 – Дана, өзіңіз жайлы айтып берсеңіз, немен айналысасыз? Қайда оқыдыңыз?

– Алматыда туып-өскенмін. KIMEP оқу орнын бітірдім, Еуропада білімімді жалғастырдым. Одан кейін 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, АҚШ-та оқуға қайта жол тарттым. Осы аралықта "#Дневник Алматинки" және "#Поцелуй Шымкентского" кітаптарын жаздым. Соңғы кітап қазнетте таралып, Меломан Паблишингпен келісімшартқа отырдым. Кітап 2019 жылы Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесіне дейін жетті. Сондай-ақ, Алматыдағы ҚР Ұлттық Кітапханасына да қабылданды. Қазіргі уақытта «New Kazakh Times» атты подкастымды дамытумен айналысып жатырмын, онда Қазақстаннан тыс жерлерде өмір сүретін қазақстандықтардың өмірін талқылаймыз. Подкастымда қонақта Жапония, Италия, АҚШ-та тұратын қазақстандықтар болды, әрі қарай да осы бағытты жалғастырамын деген ойдамын. 

– АҚШ-тағы өміріңіз жайлы айтып берсеңіз. Елдің ұнаған және ұнамаған тұстары қандай? Сіз әлі үйреніспеген нәрселер бар ма? 

– Америкада тұрып жатқаныма төрт жыл болды. Бастапқыда оқу мақсатында бір жылға келдім. Оқуды аяқтаған соң жергілікті компанияда тәжірибеден өтуге ұсыныс түсті, келістім. Әлеуметтік өмірдегі таңғалдырған жайттардың бірі: балалар алаңқайларындағы көрініс болды. Көп жағдайда балаларын ертіп алаңқайға әкелері келеді. Олар балаларымен баскетбол, шөптегі хоккей ойнайды, велосипед тебеді. Әкелері балаларымен сапалы қарым-қатынасқа басым мән береді. Мұндай қарым-қатынас маған қатты ұнайды, қазақ ерлерінен де баласының өміріне етене жақын араласуын көргім келеді.

Құрама штаттарда бір нәрсеге үйренісудің, бейімделудің қатты маңызы жоқ, себебі бұл индивидуалдар мекені, әркім өз өмірлік қағдидасын өзі қалыптастырады. 

 – Ұлтаралық некеңізді отбасыңыз қалай қабылдады? Шетелдікке тұрмысқа шығу бұрыннан ойыңызда болды ма?

– Ешқашан шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққым келмеген. Басқа ұлттардың арасында да жақсысы, жаманы болады. Өзге ұлтқа тұрмысқа шығып, қатігез қарым-қатынасқа ұшырған қазақстандық әйелдерді танимын. Сондай-ақ, қазақ отбасыларындағы жақсы-жаман қатынастарға да куә болғанмын.

Қазақ жігітімен құрған сәтсіз некеден кейін құндылықтары менікімен сәйкес келетін, мені бар болғаным үшін сүйетін адам қажет екенін түсіндім. Қазіргі күйеуімді жолықтырғанда іздеген адамым осы екенін ұқтым және маған басқа ешкім қажет емес еді. Ол маған тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады, мен келістім. Ата-анама күйеуім туралы айтқанда олар маған "жақсы адам ба?" деген бір ғана сұрақ қойды. Бұл сұраққа нық "иә" деген жауап алынған соң,  олар некемізге батасын берді. 

10 адамдық той (ZOOM арқылы 110 досына сәлем жолдауда).  Фото Washington Post Magazine журналына шыққан

– Өз кітаптарыңызда әйел құқықтары, қазақ менталитеті жайлы жазасыз. Бұл тақырыптар сізге не үшін жақын? Жазушылық бағытыңыз қалай басталды?

– 14 жасымнан бастап өз шығармаларымды жазып жүрдім. Бастапқыда күнделік жазсам, кейін шабытым қысқа әңгімелер, өлең шумақтарына ұласты. 25 жасымда алғашқы "#Дневник Алматинки" атты кітабымды жаздым. Оны басып шығару үшін маған тағы 5 жыл қажет болды. 

Бір жылдан кейін ұят мәселесін көтерген екінші кітабым "#Поцелуй Шымкентского" шықты. Әйелдер құқығы мен ол үшін күрес мені Ұлыбританияда магистр дәрежесін аларда қорғаған диссертация тақырыбымнан кейін қызықтыра бастады. Тақырыбым Қазақстандағы әйелдерге қойылатын тосқауылдар жайлы еді. Осыдан кейін бұл мәселеге жіті назар аудара бастадым. Қазір Қазақстандағы тұрмыстық зорлыққа ұшыраған әйелдер құқығы мен оларды қорғау мәселесін көтеріп жүрмін, мүмкіндігінше оларға көмектесуге тырысамын. 

Мәселен, былтырғы жазда оқырмандарыммен бірге әйелдерге арналған Алматыдағы дағдарыс орталығына арнап тігін машинасын алып бердім. Көмек бергендерге ризашылығым ретінде өзімнің электронды кітаптарымды тегін тараттым. Тігін машинасын орталыққа ұсынған соң, мекеме директоры қатты қуанды, себебі әйелдердің бірі кәсіби тігінші екен. Оған өмір сүруіне қажетті табыс табуға мүмкіндік сыйладық деп ойлаймын.

"Дневник Алматинки" кітабының тұсаукесері

– Қоғамдағы әйел рөлі мен оған қарым-қатынас жайлы не ойлайсыз? АҚШ әйелдері дискриминацияға ұшырай ма? Өз басыңыздан мұндай жағдайлар өтіп пе еді?

– Әрине, дискриминация барлық жерде бар, мені ең қатты таңғалдыратыны - Қазақстандағы қазақ қыздарды дискриминациялау. Алайда Қазақстанда тұрып мұның шын мәнінде дискриминация екенін байқай бермейміз. 

Мысал келтірсек: 
●    Тұрмыстың тірлігі мен балалар әйелдің мойнында. Әйел үйді таза ұстап, балаларды қарауға үлгеру керек. Ал америкалық мәдениет тұрмыстық мәселелерге жеңілірек қарайды. Егер әйел тамақ істеп жатса, ер адам ыдыс жуады. Үйді екіге бөліп жинастырады. Балаларға ата-ананың екеуі де қарайласады. Қалған міндеттемелерді бөліп алады. 
●    АҚШ-та әйелді үйде немесе далада ұрса, ол полицияға шағымдана алады, ал ер адамды абақтыға алып кетеді. Оған әйелге жақындамауы туралы ұйғарым жасап береді. 

Қазақстан ІІМ статистикасы бойынша күн сайын бір әйел көз жұмады, 4 әйел зорлық құрбаны болады, айына 18 әйел ресми түрде бопсаланады (менің ойымша, шынайы өмірде статистика әлдеқайда жоғары). Оларға күніне 218 қорғаныс бұйрығы жазылады, бұл әйелдердің денсаулығына орташа немесе ауыр зиян келгенін білдіреді.
Күйеуіне арыз берген әйел қорғаусыз қалады, себебі оған тек ескерту ғана жасалады да, ол қайтіп үйіне қайтады. Көп жағдайда әйелдің барар жері жоқ, сондықтан олар азаптаушымен өмір сүруге мәжбүр болады. Барлық қазақтар осындай деп тұрған жоқпын. Алайда зиянын келтіретін еркектер бар, ал қоғам әйелдің психологиялық, физикалық жағдайын елеп-ескермейді.

Өзім де дискриминациямен бетпе-бет келдім. Ондайда қарсы беттегі адамды орнына қою керек.

 – Заманауи қазақ қызы дегенде көз алдыңызға қандай образ келеді?

– Заманауи қазақ қыздарына тәнтімін! Менің қоршаған ортамда дамып жатқан, табиғаты сұлу құрбыларым көп. Заманауи қазақ қызы - өзінің не қалайтынын, қашан және қандай жағдайда қажет екенін білетін эмансипацияланған (әлеуметтік тәуелділіктен бас тартқан) әйел.  Біздің әйелдер әлденені қорғау жайында түрлі петицияға қол қояды, таудан тонналап қоқыс тазалайды, денсаулықтарына күтім жасайды, Бәке, Сәкесіз табысты кәсіп бастайды. Жаңа нәрсе үйреніп жүреді, рахаттана өмір сүреді. 

Балаларын жалғыз өздері тәрбиелейді, оларға бір өздері ана да, әке де болады. Өз отбасыларына көмектеседі, үлкен буынға құрмет көрсетеді. Осыдан кейін біздің әйелдерге қайран қалмауға бола ма?

– Ұят тақырыбында жиі жазасыз. Бізге ұят керек пе? Сіз үшін бұл ұғым нені білдіреді?

Ұят - мен үшін бұл "басқалар не ойлайды" деген нәрсе. Меніңше, әркім өз өмірін сүру керек, өзгелердің өміріне көз сүзбей, қоғамның екіұшты пікірлер жетегінде кетпей, керісінше, әркім өзінің тұлғасын жетілдіріп, талантын дамытқаны дұрыс. Сондай-ақ, өмірдің әрбір сәтінен ләззат алып, өзгелердің  ойына мән бермеу қажет. Өзгенің пікірі сізді толғандырмауы тиіс екенін ұғыну қажет.

– Қазақстанда, ТМД елдерінде әйелдер мен ер адамдар ешқашан тең болмайды, феминизм батыс елдеріне тән деген көзқарас бар. Сіздің пікіріңізше, қазақстандық әйелдер мен ерлердің құқығы қашан теңеседі?

– Феминизмнің негізі - бұл еңбек ету мен тең жалақы алу құқығы, некедегі тең құқықтар, сондай-ақ, тәннің дербестік құқығы (әйелдерді зорлық, жыныстық алымсақтық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау).

Көп адам феминизм ұғымын анық түсінбейді. Әйелдің еркекпен бірдей жұмыс істегені үшін теңдей жалақы алғанына кім қарсы болады? Әйелге үй шаруасына және ОРТАҚ балаларды тәрбиелеуде ер адамның көмектесуіне кім қарсы? Әйелдерді ұру мен зорлауға кім жақтас болады?

Біз зорлық-зомбылықтың кез келген түріне әлеуметтік тұрғыдан нөлдік төзімділікті қалыптастыруға тиіспіз. Маған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қолдайтын "НеМолчи" қоғамдық қоры ұнайды. Олар сондай-ақ, қоғам үшін маңызды заңдарға түзетулер енгізуге атсалысады. Менің бұл қорға ешқандай қатысым жоқ, бірақ сұхбат беруге мүмкіндігім болып тұрғанда, оқырмандардан "НеМолчи" қаржылық қорына, сондай-ақ,  Қазақстандағы кез келген әйелдер дағдарыс орталығына қолдау көрсетуді сұрағым келеді. Олар үнемі қаржыландыруда қиындықтарға кезігеді және тек немқұрайлы емес адамдар есебінен өмір сүреді.

– Құқығы қорғалатын тәуелсіз әйел қоғамда, отбасында қандай?

– Әйелді ұрып-соғу туралы бап Әкімшілік кодекс бойынша ғана қарастырылған уақытта, ал ер адамға тағылатын жаза ең сорақысы дегенде айыппұлмен шектелген кезде, әйелдердің құқықтары қорғалмайды. Егер әйел өзін қорғай алмаса, ол қалай тәуелсіз бола алады?

 – Қазақ күйеулермен не үшін ажырасу керектігі жайлы пост жазған едіңіз. Сіздің ойыңызша, қазақстандық әйелдерге шетелдіктерге тұрмысқа шыққандары дұрысырақ па? Қазақ ерлердің санасын өзгерту мүмкін бе, болса қандай жағдайда?

– Ең бастысы, қазақ па, басқасы ма, тұрмысқа шығу кезінде адамдық қасиетке мән беру керек. "Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар" дейді. Қазақ ерлеріне еш қарсылығым жоқ! Біздің ұлт арасында жақсы жігіттер көп. Менің негізгі қарсылығым: өз әйелдерін қорлайтын оңбағандар, әйелінің есебінен күн көріп жүрген сандалғандар, өлтіре салуға баратын қызғаншақтарға қатысты. Мұндай адамдармен тез арада ажырасу керек. Өмір тек бір рет беріледі және онда азаптаушыларға орын жоқ.

Қазақстан елшілігіндегі қазақстандық сән үйлерінің дизайнерлік киімімен түскен фото

– Бір жыл бұрынғы сұхбатыңызда "он жылдан кейін ерлер әйелсіз қалады" деп айтқан едіңіз. Осы ойыңызды нақтыласаңыз, не айтқыңыз келді? Бір жылда көзқарасыңыз өзгерді ме?

– Қазақ ерлері "әйелім достарыма көрсетуге ұялмайтындай" болуы тиіс дейді. Яғни, тамақ істей алатын, үй жинап, бала туып, оны қарап, үлкендерге қарсы сөйлемеуі керек, дейді. 

"Әйелім өз-өзін дамытса, өзінің және ортақ мақсаттарын алға қойса, оқыса, менің тіреуім, қолдаушым болса" деген ой ше? “Өзім де оның қолдаушысы болғым келеді. Балаларымның менде болмаған қамқор әкесі болса, балаға тек ақша ғана емес, сапалы уақыт бөліп, ойнатып, дамытып, қамқор болып, жақсы көргім келеді" деп ойлауға болмай ма?

Қазақ ерлері тарапынан әйелді тұлға ретінде көретін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтіндер кем де кем. Ер адамдарға айтарым, әйелдерге де қамқорлық танытып, көңіл бөлу керек. 

– Оқырмандар арасында танымалдылыққа ие болған "#Поцелуй Шымкентского” кітабы жайлы айтып беріңізші. Кітап не туралы? Шымкенттіктерге қалай әсер етті? 

– Кітапта "ұят" болғаны үшін әртүрлі қиын жағдайға түсетін жас қыздың оқиғасы жайлы баяндалады. Қоғамның назарын кейбір қарапайым нәрселердің ақылға қонымсыз бола алатынына аударғым келді. Шымкенттік қыздардан кітап ұнағаны жайлы хаттар көп келді, өздері бетпе-бет келген жағдайлары жеткізе алғанымды айтты. Кітап туралы көптеген жағымды пікірлер алдым. Тіпті, бір сценарист хабарласып, кино түсіруге ниетті екенін айтқан болатын. Алайда кейін режиссер белгісіз себептермен киноны экранизациялаудан бас тартты.

"Dead Man Walking" бестселлерінің авторы Элен Прежанмен бірге

– Не себепті оқырмандар кітаптарыңызды “50 оттенков серого”-мен салыстырады?

– Кітап ашық жазылған, түрлі-түсті, бояулы сәттер, экшн көп, сондай-ақ, қазақтың менталитетінің иісі мүңкіп тұр. Кітап арқылы ұятты барлық қырынан көрсеткім келді. Қолымнан келді деп ойлаймын. 

– Кітаптарыңыз оқырман көңілінен шығып жатыр ма? Қыздар пікір жазып, сіздің оқиғаларыңыздан өзін көргендер болды ма?

– Шынымды айтсам, әйелдер өмірлерінің мұндай қырын ашып айта алады деп ойламаппын. Әлеуметтік желіде он шақты әйелден зорлық, қорлық, ұрып-соғу жайлы хаттар елді. Бұл оқиғалардың бәрі ашық, әсерлі жазылды. Көп әйел кітаптардан өздерін және өз өмірлерін көргендерін айтқан. 

Екі әйел "#Поцелуй Шымкентского” кітабын оқып, қорлық көрсетіп жүрген күйеулерін тастады. Айтуларынша, кітап оларға азаптаушы ер адамсыз өмірдің бар екеніне үміт сыйлаған. Осы екі хат кітаптың танымалдылығынан да құндырақ. 

 

Cұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр