АҚШ Газаға гуманитарлық көмекті әуе кемесімен аспаннан лақтыруға ниетті
АҚШ президенті Джо Байден Газа тұрғындарына әуеден азық-түлік көмегін жіберетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі СNN арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Газада гуманитарлық дағдарыс өршіді. Израиль көмек көрсету үшін қосымша құрлық өткелдерін ашуға қарсылық білдірген.
Алайда Байден АҚШ Газаға көмек көрсету үшін "қолдан келгеннің бәрін жасайтынын" айтты.
"Газаға келетін көмек мүлдем жеткіліксіз. Анклавқа жүздеген жүк көлігі кіруі керек”, – деді ол.
АҚШ әскерилері жақын күндері десантты жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатыр.
Бейсенбі күні Газа секторында жүк көліктерімен гуманитарлық көмек келгенде, халық таласып, оның соңы Израиль әскерлерінің оқ атуымен және жүздеген адамның өлімімен аяқталған еді. Содан соң АҚШ президенті көмекті әуе кемесі арқылы жіберуді жөн деп шешті.
Әуеден азық-түлікті лақтыру палестиналықтарға кішігірім көмек болғанымен, гуманитарлық дағдарысты толық шешуі екіталай. АҚШ Нетаньяхуді бақылау бекеттерін ашуға көндіргісі келгенімен, әзірге сәтсіз болып жатыр. Оңтүстікте Газаға кірген жүк көліктерінің саны өткен аптада күніне 85-ке дейін азайды.
Осы аптаның басында Иордания, Мысыр, БАӘ, Катар және Франция Газа секторының әртүрлі бөліктеріне гуманитарлық көмек жіберді.
Еске салсақ, бұған дейін Газада халық гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігіне таласып, бір-бірін таптап кеткені хабарланды. Қайғылы оқиғадан 110 палестиналық қаза тапты.