Ақмола облысында суға батып кеткен журналистің денесі екі тәуліктен бері табылмай жатыр
Қыз 19 шілдеде Астана су қоймасы ауданындағы Арнасай ауылында орналасқан демалыс аймақтарының бірінде суға батып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business News басылымына сілтеме жасап.
Полиция мәліметтеріне сәйкес, 21:00 шамасында қайғылы оқиға туралы ақпарат келіп түскен.
Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері демалушылардың су қоймасында гидроциклмен жүргендерін айтады.
"Серуендеу кезінде жағалаудан 250 метр қашықтықта қыз гидроциклден суға құлап кеткен. Көмекке демалыс аймағының нұсқаушысы келген, алайда құтқару мүмкін болмаған", – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Мәйітті іздестіру жұмыстары екінші күні жүріп жатыр, сүңгуірлер мен арнайы техника жұмылдырылған. Іздестіру үшін Павлодар облысынан эхолот әкелінген, ол сүңгуірлер түсе алмайтын аймақтарды тексеруге мүмкіндік береді. Су қоймасының тереңдігі 20-30 метр. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, он метрден асқан соң ештеңе көрінбейді, ал түбін балдыр басқан, бұл іздеу жұмыстарын қиындатады екен. Сонымен қатар құтқарушыларға жел мен толқын да кедергі келтіріп жатыр.
Әзірге батып кеткен қыздың Atameken Business News басылымының қызметкері екені белгілі.