Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында мұғалім "КазАтомПромның" жалған ивестициясына 20 миллион теңге салып, сан соғып қалды

Ақмола облысында мұғалім

Фото: Ru.freepik.com

Ақмола облысында 60 жастағы мұғалім “КазАтомПромның” атын жамылғандардың жалған жарнамасына сеніп, үш айда алаяқтарға 20,4 миллион теңге аударып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл тамыз айында жәбірленуші Instagram-да “КазАтомПром” ұлттық компаниясының атынан ресімделген жарнаманы көрген. Хабарландыруда олар ақша салып, үлкен табысқа кенелуге болады деп сендіріп, сілтеме арқылы қарапайым тіркеуден өтуді ұсынған. Сайтқа кіргеннен кейін жәбірленуші жеке кабинет құрып, “қаржылық кеңесшілер” дивидендтер алу үшін тұрақты аударымдар жасауға көндіріп, онымен белсенді түрде байланыста болған.

“Үш ай ішінде әйел 50 банктік операция жасаған. Биыл 24 қарашада әйел алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінді. Өтініш бойынша қылмыстық іс қозғалды, қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Ақмола облысының полиция департаменті.

Киберполицейлердің айтуынша, жалған инвестициялармен байланысты алаяқтықтар Қазақстанда кең таралған алаяқтықтардың бірі. Алаяқтар әлеуметтік желілерде жарнаманы пайдаланады, ірі компаниялардың сайттарын бұрмалайды және тез табыс табуға болатынын айтып, сендіреді. Мұндай алдаудың құрбаны болмас үшін құқық қорғау органдары әрдайым ақпарат көзін тексеріп, бейтаныс адамдардың айтуымен ақша аударып, жеке деректерді бермеу керегін ескертті.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 08:53
Талқылау