Ақмола облысында мектеп мұғалімі оқушыны сабақ үстінде ұрған
Ақмола облысы Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектепте мұғалімнің оқушыны ұрған бейнежазбасы таралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бейнероликтен скриншот
Желі қолданушысының айтуынша, бала артына бұрылып, сыныптасынан қалам сұраған. Сол кезде мұғалім ашуға булығып, баланы тұрғызып, тақтаның жанында ұрады. Оқушылардың бірі бұл көріністі видеоға түсіріп алған.
Желіде ата-аналар бұған наразылық білдірді.
“Мұғалімдердің психикалық денсаулығын тексеретін кез келді. Күнде осындай жаңалық естиміз”, “Содан кейін балаларда агрессияның қайдан шыққанына бәрі таң қалады. Балабақшаларда, содан кейін мектепте, университетте, содан кейін армияда әлімжеттікті көріп өседі”, “Мұғалімдерді ертерек зейнетке ертерек жіберу керек. Әйтпесе осындай жағдай болады. Қажыған, шаршаған апай қол жұмсайды” деп жазды желідегілер.
Ақмола облысының білім басқармасы бұл жағдайға түсініктеме берді.
“Осы жағдай бойынша Аршалы ауданының білім бөлімі комиссия жіберді. Комиссия шешімін күтудеміз”, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.