Ақмола облысында ата-аналардың бірі 5-сыныпта оқитын баланы өзге оқушылар зорлағанын мәлімдеді
Ақмола облысы Бурабай ауданында ата-аналардың бірі оқушының зорлық көргенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба авторының сөзінше, оқиға 2022 жылы болған.
"Тамыз айында ауылымызда бір жыл бұрын болған қылмыстың беті ашылды. 5-сыныпта оқитын баланы мектептің оқушылары зорлаған. Олардың бірі қазір студент. Бұл жағдайдан кейін ауыл тұрғындары жағасын ұстады", – деп жазды ол.
Оның сөзінше, күдіктілердің бірінің анасы дәл сол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді.
"Бурабай аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған балаға зорлық көрсету дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Жәбірленуші тараптың мәліметіне сәйкес бұл жағдай 2022 жылдың маусымында болған. Ауыл тұрғындарынан ағымдағы жағдай туралы түсініктеме алынды.
Тергеу барысында ата-анасының өтініші бойынша күдікті қашықтан оқытуға ауыстырылады. Қазір тиісті сараптама тағайындалды, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Іс прокуратураның бақылауында", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.