Әкімдіктерден ЖЭС пен электр энергиясын бақылау міндеті алынып тасталмақ
Энергетика министрлігі жылу энергетикасы саласын бақылауды күшейтуге ниетті. Осы мақсатта әкімдіктерден орталықтандырылған жылумен жабдықтау және электр энергетикасы жүйесін бақылау қызметі алынып тасталмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ckem.kz
Оған себеп – Қазақстан энергетика министрлігі "Жылу энергетикасы туралы" жеке салалық заң жасап шықты. Заң осы саланы бақылауды күшейтуге арналған. Бұл туралы энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев үкімет отырысында мәлімдеді.
Заң жобасы кәсіпкерлік кодекстен электр және жылу энергетикасына бақылау жүргізу тәртібін алып тастайды. Жылу желілерін бақылау міндеті әкімдіктерден алынып, атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне жүктеледі.
Салаға толығымен мониторинг жасау энергетика цифрлық платформасын құру арқылы жүзеге аспақ.
"Мұндай қадам болашақта ары қарай дамуға қажет шараларды анықтау үшін ақпарат жинап, талдауға көмектеседі", - деді Сәтқалиев.
Сондай-ақ энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда 6 ГВт-тан астам электр қуатының тапшылығы байқалатынын айтты. Ал 2030 жылға қарай елімізге электрді өндірудің қазіргі қуаты жеткіліксіз болады.