"Әкімдік Президент тапсырмасын орындамады": Ақтөбеде сұйытылған газ сататын кәсіпкерлер тағы да бас көтерді
Ақтөбе облысында сұйытылған газ сатумен айналысатын кәсіпкерлер тағы наразылықа шықты. Сөздерінше Ақтөбе билігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындамайды. Жиналғандар облысқа бөлінетін газ көлемі шағын бекеттерге осымен үшінші ай қатарынан бұйырмай отырғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Сонымен қатар қаңтар айынан бастап газдың бір литрін 50 теңгеге дейін түсірген үкімет, газ сатумен айналысатын кәсіпкерлерге сұйытылған газды делдалсыз зауыттан тікелей алуға мүмкіндік берген. Алайда Ақтөбе әкімдігі барлық мүддені тек ірі көлемде газ сататын ұйымдарға үлестіріп отыр және араға делдал салуды әлі тоқтатпады дейді.
"Ақтөбе газ құю стансаларының бәрінде автокөліктері бар. Соларды өзінің тасып алу құқынан айырып отыр басқарма. Президенттің айтқаны делдалсыз зауыттан тікелей халыққа жету керек. Бұл жерде бір емес, екі делдал. Біріншісі топтық газ құю стансалары, екіншісі автогаз бекеттері. Сонда өзіміздің Ақтөбеден шыққан газ бізге екі делдал арқылы жетіп отыр. Біздің талабымыз – энергетика басқармасы жергілікті газ құю бекеттеріне зауыттан автогазды тікелей өз көліктерімен алуға мүмкіндік беру", – дейді кәсіпкер Ақылбек Нұрғалиев.
Кәсіпкерлер газ сату ұйымдарының мүддесін қолдап отырған шенеуніктер энергетика министрлігіне жазған хатты да жібермей отырғанын айтады. Ал әкімдіктегілер министрліктің ережесіне сәйкес, сұйытылған газ қоймасы бар бекеттерге ғана бөлінетінін айтады. Егер осы ережені өзгертсе ғана кәсіпкерлер зауыттан тікелей алады дейді.
"Министрлік бізге жақында ғана ережеге өзгертулер енгізуге болады деп хабарлама берді. Енді қазір осы сұрақты ведомствоаралық комиссияға жіберу керек. Оны жергілікті атқарушы орган емес, министрлік шешу керек. Өзгеріс енгізгеннен кейін бізге түсіреді. Әрі қарай өзіміз әзірлейміз", – деп түсіндірді Ақтөбе облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертбаев.
Өзгерісті Нұр-Сұлтаннан күтіп отырған әкімдіктегілер жоғарыдан хабар келмей әзірге ештеңенің өзгертпейтінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде сұйытылған газ сататын кәсіпкерлер наразылықтарын білдіргені туралы хабарлаған едік. Жиналған кәсіпкерлер ақпан айында газ ала алмағанын мәлімдеген.