Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Әкім айтқандай ай сайын 235 мың алмаймын»: Лашықта тұратын көпбалалы ана

Алматы облысында 4 баласымен лашықта тұрып жатқан көпбалалы ана өзінің ай сайын 46 мың теңге жалақы және мүгедек баласы үшін 69 мың теңге ғана алатынын жеткізді. Ал бұл Жамбыл ауданы әкімінің «Отбасына ай сайын 235 мың теңге кіріс кіреді» дегеніне сай келмейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

көпбалалы ана

Қайназар ауылында лашықта тұрып жатқан отбасының жалғыз асыраушысы – Құндыз. Ол жұмысқа денсаулығы жарамай қалған жарын және мүмкіндігі шектеулі науқас бала, титтей тағы үш бүлдіршінді бір жалақымен бағып отыр. 
Көпбалалы ананың айтуынша, ай сайынғы алатын жалақысы мен баласының мүгедектігі үшін алып отырған жәрдемақысы әкімнің аузынан шыққан 235 мың теңгеге жетпейді.

«Бүгін бізге таңертең ауыл әкімі мен аудан әкімі келді. Жағдайымды көріп, құжаттарымды тексерді. Түстен кейін жауап беретіндерін айтты. Бірақ әкім мені «Енесінің зәулім сарай үйі бар» деп айтыпты. Бірақ ол төрт бөлмелі үйде тоғыз адам тұрады. Басында сол үйде тұрдым, кейіннен пәтерге көшіп кеттім. Тағы айтқым келгені, бізге 235 мың теңге кіріс көзі кірмейді. Мен 46 мың теңге жалақы аламын және ай сайын баламның мүгедектігі үшін 69 мың теңге аламын. Көпбалалы ана ретінде 21 мың теңгеге құжат өткізгенмін. Бірақ ол 105 мың теңгені екі ай ғана алдым», – дейді жас ана. 

Құндыз бұл алған 105 мың теңгеге балаларын қыдыртып, оларға киім-кешек алып бермегенін айтады. Барлық ақша тұрғызылып жатқан үйдің құрылысына кеткен. 

«Әкімдік бізге бір бөлмелі пәтер жалдап береміз деп айтқан. Оған қарсы емеспін. Өйткені күннің ыстығында далада отыру маған да оңай емес. Бірақ әкім менің кіріс көзімді санағанша, кеткен шығынды санаса екен. Мені табалап сөз жазғанша осыны ескерсе. Жолдасым мен баламның ем-домына күнделікті шығын кетеді. Неге осының бәрін есептемейді?», – деп ренішін білдірді келіншек. 

Көпбалалы ана үйінің құрылысын бітіруге көпшілктен көмек сұрады.

Айта кетсек, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қайназар ауылында адам сенгісіз жағдайда тұрып жатқан төрт баласы бар ерлі-зайыптлар туралы отандық журналист өз желідегі парақшасында бөліскен болатын.

Алайда, Жамбыл ауданы әкімінің уақытша баспасөз қызметі бұл отбасыға ай сайын 215 мың теңге көлемінде кіріс көзі кіретіні айтқан еді. Сондай-ақ, әкімдік отбасыға пәтер жалдап беруге уәде берген. 
 

Талқылау