Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкесінің таяғын аз жеген бала": Дана Нұржігіт ресейлік журналистке қатысты пікір білдірді

Парламент сенатының депутаты, журналист Дана Нұржігіт ресейлік журналист Тигран Кеосаянның сөзіне қатысты пікір білдірді. Кеосаян Украинаны мысалға келтіре отырып, қазақстандықтарға сес көрсеткен болатын, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Түсірген кинолары, жасаған теле-жобалары арқылы көріп-біліп жүрген, есі бар адам деп ойлайтын тұлғаңның жұрт алдында лақ еткізіп "құсып" отырғанын көріп, іштей жиырылып, көңілің бір пәсте су сепкендей болады-ау.

Тигранның әкесі Эдмонд Кеосаянның фильмдерін көріп өстік.

Бірде Тигранның әкесі туралы естелігін тв-дан көріп қалған едім. Жасөспірім шағында теледидардан кино көріп отырып, Тигран дәл қазіргідей лепіріп, "киноны осылай да түсіре ме екен, мыналарың дарынсыз біреу ғой әншейін..." деп сөйлеп отырған жерінен әкесі Эдмонд үйге келіп қалады. Көкірегіне нан пісіп, дандайсып отырған ұлының бетінен шапалақпен тартып қалған көрінеді.

Әкенің сол сәтте баласына айтқан сөзі "өмірде шыбық сындырмаған адамның, біреудің еңбегін сынап-мінеуіне хақы жоқ!" дегенге саяды.
Кеосаянның тұтас бір ұлттың ар, ожданына тіл тигізіп, қожайынша әкіреңдей сөйлеген кешегі сөзіне қарағанда оған әкесінің таяғы да, сөзі де өтпеген болып тұр", – деп жазба қалдырды депутат желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Ресей тележүргізушісінің мәлімдемесі әлеуметтік желіде тарады. Онда ол қазақстандықтарға сес көрсеткен. 

“Қазақтар, алғыстарың қайда? Сендер Ресейді дүниежүзінен жоқ болып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Украинаға қараңдар да, жақсылап ойланыңдар. Біздің жауапты тұлғалар біздің қарым-қатынасымызды қайта қарауы керек. Қателесесіңдер! Сендерде әлі уақыт бар. Соңғы вагонға үлгеріп қалуларың да мүмкін. Қазір үлкен соғыс жүріп жатыр. Осы орайда, бізді кім қолдайтынын дұрыстап бақылау керек. Жетер! Өтірік ойнап болған шығарсыңдар. Билікті құтқарып, былығыңды реттеуге қайтарымсыз көмек сұрауларыңды доғарыңдар! Парад өткізбейміз дегендерің не?" — деді ол.

Бұған дейін СІМ баспасөз хатшысы Тигран Кеосаянның сөзіне қатысты пікір білдірді.

Сондай-ақ, актер, режиссер Досхан Жолжақсынов Кеосаянға орыс тілінде видео-үндеу жолдады.

“Өзіңе көп аласың. Біріншіден, сен Ресей емессің. Екіншіден, мықты болсаң, жоғары билікке бар. Ал менің халқыма тиіспе!” – деп ескертті ол.  

Талқылау