"Әкең атылып кетті": Нұрқаділовтің бірінші әйелі күйеуінің қазасын кім естірткенін айтты
Белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова “Уақыт көрсетеді” бағдарламасындағы сұхбатында бұрынғы күйеуінің атылып өлгені туралы әнші Мақпал Жүнісованың туыстары хабар бергенін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Ол кісі дүниеден өткенде сізге кім естіртті?” деген сұраққа саясаткердің бірінші әйелі: “Мақпалдың әпкесі ме, сіңлісі ме Қайраттың жұмыс орнына хабарласып, “әкең атылып кетті” депті. Балам төбесінен жай түскендей күйде тұрып, қонақта отырған маған хабарласады. Сонда: “Мама, әкем атылып кетті”, – деді. Мен Зәкеңнің атылып өлгеніне сенбедім. Ұлымның есі шыққаны сонша, рөлге отырып көлік жүргізе алмай қалды. Құралай екеуімізден өзін алып кетуін өтінді. Сол кезде Қайрат әкесін жоқтап іздей алмады, өйткені жалғыз болды. Қайратқа да дұшпандарының зияны тиіп кете ме деген қауіп болды. 17 жыл үндемей келіп, соңында балам бәрібір сөйледі. Әкесінің өлімі туралы білгісі келеді. Қазір Қайрат та, Құралай да әкесі үшін жауап беріп жүр”, – деп жауап берді.
“Зәкеңнің қайтыс болғанын сенбі күні кешке таман естіртті. Мен жұма күні таң ата түс көрдім. Зәкең баяғыдай менің Бақанастағы бауырымның үйіне келіпті деймін. Ол шарбақтың жанында тұр екен. Мен көліктен түсіп келе жатып: “Неге келді екен?” деп ойладым. Үйге кіріп кетпек болдым, бірақ мұнымды ұят санап, үйге шақырдым. Сонда ол кісі менің екі бетімнен сүйді. Сонда оянып кеттім. “Мына кісі менімен қоштасқандай болды” деген ойға келдім. Сол кезде арқам мұздай болып кетті. Соған қарағанда ол кісі жұма күні кеткенге ұқсайды. Өйткені Қайрат әкесін көрген кезде денесіндегі қаны қатып қалыпты. Құралай да әкесін көрмек болған екен, бірақ Қайрат қорқып кетеді деп жібермей қойған”, – деп қарлы күнді еске алды.