"Әкем жол бойы ұрысты": Әнші Бүркіт Аишамен жасырын некелескенін айтты
Танымал әнші Бүркіт “Отец” подкастына берген сұхбатында жұбайы Аишамен қалай шаңырақ көтергенін айтып, отбасылық өміріне қатысты тың естеліктерін бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әнші Аишамен шаңырақ көтеруге бел буған кезде жасы 34-те болған. Ол болашақ жары екеуі екі жылға жуық кездесіп жүрген. Бір қызығы, Бүркіт үйленетінін ата-анасына айтпай тұрып, достары мен бауырларының қатысуымен некесін қидырып алған.
“Ешкімге айтпай, достарымды, әпкем мен інімді ертіп барып, некемізді қидырдық. Содан кейін Таразға, ата-анама бардым. Үйленетінімді айттым. Ол кезде неке қиылып қойған еді. Әкем қатты ашуланды. Ауылға бара жатқанда да, қайтар жолда да ұрысты. 60 шақырым жол бойы маған ренішін айтты”, – деп еске алды әнші.
Бүркіттің сөзінше, әкесі ұлының мұндай маңызды шешімді ата-анасымен ақылдаспай қабылдағанына қынжылған.
“Әкем “Сен жетімсің бе? Неге бізге айтпадың? Неге біз білмей қалдық? Үйленетініңді ата-анаң білуі керек қой” деп ренжіді. Бірақ мен шешімімді қабылдап қойған едім. 34 жасқа келгенде енді үйленуім керек екенін түсіндім”, – деді өнер иесі.
Әнші анасының болашақ келініне деген көзқарасы мүлде басқаша болғанын айтады. Бұған дейін ұлының таңдаған қыздарын жақтыра қоймаған анасы Аишаны алғаш рет бейнебаяннан көріп, бірден жылы пікір білдірген.
“Анам адамның қандай екенін көзіне қарап-ақ байқайтын. Бұрын таныстырған қыздарымды ұната бермейтін. Тіпті кейінгі жеті-сегіз жылда ешкімді көрсетпейтін болдым. Бір күні анам Аишаның “Раба любви” әніне түсірілген бейнебаянын көріп, “Қандай жақсы қыз, көздері қандай мейірімді” деді. Сол сөзін есімде сақтап қалдым”, – деді Бүркіт.
Өнер иесінің айтуынша, үйленгенін естіген әкесінің ашуы да ұзаққа созылмаған. Бұл мәселеде анасының ықпалы зор болған.
“Үйге келгеннен кейін сыртқа шығып кеттім. Жарты сағаттай уақыт өткен соң қайта кірсем, әкем беташардың күнін белгілеу керегін айтып отыр. Бірден анама қарадым. Анам бәрін реттеп қойған екен”, – деп күлді әнші.
Бүркіт ата-анасының Аишамен некелесуіне ұзақ уақыт қарсылық білдірмегенін атап өтті. Оның сөзінше, анасы болашақ келінін бейнебаяннан көрген сәттен-ақ жақсы қабылдаған.
Айта кетейік, Бүркіттің шын есімі – Айбек Жансейітов. Ол әнші Аишамен отбасын құрып, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр.
