"Әкем болғанда, басшысыз қалмас едік": Құралай Нұрқаділова қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді
Белгілі дизайнер Құралай Нұрқаділова әкесі Заманбек Нұрқаділов жайлы естелігімен бөлісті. Ол әкесі тірі болғанда, "Қаңтар қырғыны" кезінде елдің басшысыз қалмайтын еді деп мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Әкем болғанда, Қазақстан қалай өзгерер еді деп көп жылдан бері ойланып келемін. Шенеуніктердің халықтың сұрағына қалай жауап беретінін немесе мүлдем елемейтінін әкемнің әрекеттерімен салыстырамын. Кем дегенде, қаңтар оқиғасына дейін солай болды.
Оқиғаның алғашқы күндері басшысыз қалмайтын едік, оған нық сенімдімін. Ол керек сұрақтардың жауабын білді, жағдайға білікті түрде иелік етіп, кез-кеген сұраққа сауатты жауап беретін еді. Ешқандай "ммм, аааа, солай, өйткені" деген сөздерсіз. Ең бастысы, ол өзінің ауылдан шыққанын ұмытқан емес. Көкірегін керген емес, адасқан жастарға айтар сөз табатын. Тіпті адреналинді агрессивті күйдегі жастарға айтар сөз табатын еді.
- Қазақстан темір жолы Әлия Назарбаеваның компаниясымен билет сату бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын бұзды
Екеуміздің соңғы жеке әңгімемізден үзінді: "Менің арым таза, өйткені халық үшін өмір сүрдім. Сен мұны мақтан тұта аласың, уақыт өте келе артығымен бағалайсың", – деп жазба қалдырды Нұрқаділова желідегі парақшасында.
Желі қолданушылары сәнгердің сөзін қоштады. Олардың кейбірі көзі тірісінде Нұрқаділовті танығандарын жазды.
"Жаны жанатта болсын. Қазақ үшін қазақтың жері үшін шырылдаған азамат", "Құралай, жаным, сенің әкең болғанда Қазақстанның тарихы мүлдем басқа арнаға бұрылар еді. Халықтың оған деген махаббатында шүбә жоқ", "Иманды болсын. Әкем тірі кезде үнемі Заманбек Нұрқаділовті еске алатын. Егер ол тірі болса, еліміз көркейіп, халық тоқшылықта өмір сүрер еді дейтін. Ол кісінің халыққа жерді бөліп беріп, пәтер алуға көмектескенін білемін. Өзі өте адал, мейірімді, кеңпейілді жан еді", "Иә, Заманбек Нұрқаділов дәл қазір керек. Нағыз көшбасшы, ер жүрек, адал жан еді. Құралай, әкеңіздің жаны пейіште шалқысын!" – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділов – Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер. Кеңес Одағы кезіндегі Алматы қалалық атқару комитетінің соңғы төрағасы. Бұдан кейін Нұрқаділов Алматы қаласының әкімі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Алматы облысының әкімі, Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы болды.
2005 жылдың 12 қарашасында Заманбек Нұрқаділовтің денесі өз үйінде табылған. Екі оқ кеудесіне, біреуі басына тиген.