Тағы оқыңыз: Ана туралы қазақша 5 үздік өлең >>>
Әке туралы өлеңдер
Stan.kz әке туралы өлеңдер жинағы ұсынады. Қалқаман Сарин, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Марфуға Айтқожина сынды авторлар әкесіне туынды арнаған
Әке
Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі-кезі келгенде тасып та алам,
Кезі-кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
(Мұқағали Мақатаев)
Әке туралы жыр
Жас едім өмірге еркін бойламаған,
Күні ертең не боларын ойламаған.
Шарықтап кетсем де алыс қанат қағып,
Өзіңдей қамқор адам қайда маған?!
Сүрінсем сынай қарап от жанарың,
Сен мені жақтамадың, ақтамадың.
Әрдайым осы қатал мінезіңнен
Күш алып мақсатыма аттанамын.
Жан әке, шертіп сезім домбырасын,
Кеудемді қуанышқа толтырасың.
Арманның аспанына құлаш ұрсам,
Арқамда асқар тау боп сен тұрасың.
Бұл күнде мен де өзеннің арнасымын,
Кім мөлдір болса соның жолдасымын.
Қуан сен, қуана бер, әкетайым,
Мен сенің өміріңнің жалғасымын.
(Мұхтар Шаханов)
Әкеме хат
Айып етпе, есіме алам бүгін,
Өтті ғой ерке, тентек балаң күнім,
Асауға бас білмейтін құрық салып,
Арқалатты бір үйдің тәмам жүгін.
Бір жақсылық күтумен алыс күннен,
Зымыраған уақытпен жарыстым мен.
Көре алмайды кей күншіл күлкімді де,
Көрмеп ем бақ таласып әлі ешкіммен.
Үстінде жүріп келем Ана — жердің,
Балалық, қай–қайларда қала бердің.
Өшірсе де отымды өршеленем,
Келеді, әке, ұдайы жана бергім!
Үйде ме едің, жан көке–ау, түзде ме едің,
Сағыныш тамшыларын тізбеледім.
Үйреттің гүл біткенді мәпелеуге,
Үзе көрме, жан ботам, үзбе дедің.
Жүрексінсем сақадай үйіріп тым,
Түйдіріп жал-құйрығын жүйріктің.
Ойна дедің жалында, баурында емес,
Сол сөздің кештеу барып сырын ұқтым.
Жуылды он сегізде жаспен жаным,
Садаға деуші едің ғой бас пен малың
Төніп келген қара құс іліп кетті,
Өмірдің аттатпай-ақ баспалдағын.
Өткен күн өзегіме жара салдың,
Қайсы ісінді теріс деп таласа алдым.
Көрінуші ең көзіме биік болып,
Қайғыдан, әке, сонда аласардың.
Аласардың тағдырдың қорлауына,
Аласардың туған ай толмауына.
Хатпенен мазаласам кешіре гөр,
Бұл да бір өткен күннің толғауы да.
Ойласам жастығымды жанады ішім,
Өмір–ай, қуанышы — көл, азабы — шың.
Заңы екен ғой тағдырдың түсінемін,
Толғанып өту деген балаң үшін…
(Марфуға Айтқожина)
Әке
Білемін, бәрін, бәрін сездің, Әке,
Асылы айтпаушы едің сөзді қате…
Жерлеген күні сені дертті болып,
Мен түгіл жылап тұрды көк түнеріп.
Жеткізген он баланы қайран Әке,
Жете алмай жетпіс жасқа кеттің өліп.
Кеп жатты құрдастарың көңіл айтып,
Сиреген қатарлары көбі қайтып.
Тағдырдың жазуына қандай шара,
Қоятын не қуантып, не мұңайтып.
Болды рас дертің күшті, қайғы содан,
Ажалдан құтылып ед қай кісі аман?
Ішінде он баланың отырса да,
Жылайды жалғызсырап байғұс анам!
Қайран әке, жастығын тез ұрлатқан,
Мойымай нала шаққа.
Көңіліме нұр құйып, көзімді ашқан,
Жол сілтеп болашаққа.
Айтқан ақыл, салмақты сөзің мақтан,
Бастаған парасатқа.
Жүрміз әлі жан әке, өзің жаққан,
Жылынып сол ошаққа.
Қайран әке, жаны – жаз, сөзі – көктем,
Жүруші ек көп еркелеп.
Жүрмін бүгін жақсының көзі боп мен,
Ержетіп тек ертерек…
Тағдырына ұл-қызың төзім еткен
Бір Алла берер көмек!
Жүрміз әлі, жан әке, өзің еккен
Еменді көлеңкелеп…
(Қалқаман Сарин)
Әкеге балаларының тілегі
Қорғаштап өмір дейтін сында бізді,
Жүрдіңіз еңкейтпестен тұлғаңызды.
Әкетай, дейміз сізге жүз жасаңыз,
Ақ тілек тағыңыз да жырдан ізгі!
Өмірде талай асу алынғаны,
Бақыттың оты бізге жағылғаны –
Бір Сіздің еңбегіңіз екен, Әке,
Бүгінде ойлап тұрсақ – соның бәрі.
Біз үшін өткен талай жылдарыңыз,
Жатыр ғой сол өмірде тұлғалы із.
Әкелік мектебіңізден тәлім алған
Бұл күнде өзі де әке ұлдарыңыз.
Өсті ұрпақ, соңыңыздан жетілді із,
“Ата!” – деп айдарлы ұл, кекілді қыз.
Сонда да бұтақ жайған ұл-қызыңа
Әлі де қатал ұстаз секілдісіз.
Өмірде беріп бізге тағылым із,
Үйреткен аз болды ма тәліміңіз.
Жетсек те жетістікке, алдыңызда
Баладай боп тұрамыз бәрібір біз.
Өмірде үлгіміз де бір Сіз, Әке,
Перзентке таусылмайтын жырсыз, Әке.
Сол тұлға, сол мінезден аласармай
Біздерге тәлім болып жүрсіз, Әке.
Әлі де биік болсын жұлдызыңыз –
Арналған перзенттерден жыр-гүліміз.
Жүріңіз аман-есен ортамызда,
Тілейді соны бүгін ұл-қызыңыз!
(Ғабиден Қожахмет)
Менің әкем мен үшін дара туған!
Әке сен, жансың биік, дана тұлғаң.
Мейірім,нұры менен жаратылған,
Бар әлемнің, жақсылығын бойға жыйған,
Менің әкем, мен үшін, дара туған.
Әке сенің жүзіңнен қуат алам.
Жанарыңның жылуы шуақтанған,
Өзің барда,, ғажайып көрінеді,
Шынайы боп, көзіме мына ғалам.
Әке сенің жалғайтын өміріңмін,
Жырларыммен толқыса көңлің тым.
Мәнісі деп білемін, мен өзіңді,
28-жылдағы, өмірімнің.
Әке сенсің ең алғашқы ағартушым,
Мен өзіңнің, өмірге, қаланушың.
Мендей ұлға, бұл өмірді, сыйға тартқан,
Алладан, кейінгі сен Жаратушым!
(Нұрсұлтан Надиров)
Жан әкемді еске алу
10 жыл өтті асқар тауым құлағалы,
10 жыл өтті анам іздеп жылағалы.
Әр күніміз сағынышпен өткенімен
Жүрегіміз әке деп соғады әлі.
10 жыл өтті бізде болдық балалы,
Суретіңе атам ғой деп- қарады…
Жұмбағы мен сырлары көп дүние -ай
Өзегімді өртеп, бөліп барады
Ән саламын сағынғанда өзіңді,
Жебеп жүрші әке қара қызыңды.
Өзің едің мына өмірде тірегім,
Жалғап келем Алла деп ізіңді.
Тәрбиеңді көріп өстік жасымнан
Ешкім сендей сипамаған басымнан.
Түсіне алмай қалдық әке артыңда,
Кетуіңде болды -ау бізге тосыннан.
Алла салды басымызға сынақты,
Жиі еске алсын деп пе жылатты.
Қайғысы мен қызығы көп өмір -ай
Бірде көтеріп, бірде жығып құлатты.
Әкені еске алу
Тең келмейтін алтын да еш қолдағы,
Өзің едің,әке,үйдің зор бағы.
Жарық берер айымыздай көктегі,
Болушы едің жанымыздың қорғаны.
Біздер үшін асқар едің, шың, асқақ,
Сенсіз қалды жанымыз да тым ақсап.
Жанарларды жәудіретіп мәңгілік,
Кеттің, әке, жанымыздан жырақтап.
Жадымыздан өшпес мәңгі, әкешім,
Анаға жар, ал біздерге әкесің.
Немерең де, шөбере мен шөпшегің,
Бәрі сені сағынуда, әке шын.
Шырақ едің, сәуле едің, ай едің,
Жаның толы, мейірімге бай едің.
Ілім, білім, тәрбиеге қаныққан,
Үлгі алар ер атына сай едің.
Жанға бермес, біртуарым, еренім,
Жар едің ғой, әке едің, ер едің.
Жан әкем-ау, жанға батып жоқтығың,
Сабылумен сағынуда ел ерін.
Жан әкешім,қызметте бапты ерім,
Елге сыйлы,абыройлы,даңқты едің.
Кеткеніңде келмейтін боп енді еш,
Сені жоқтап,күңіреніп жатты елің.
Сен кеткенде жанарлар да жылап тым,
Жігеріміз кетті сынып, сұлап мың.
Жан әкешім,жаның болғай әрқашан,
Ең ерекше, ақ төрінен жұмақтың.
Әке
Әке емеспе бұл өмірдің бар мәні!!!
Адам болсын менің мына балам дер,
Осы емеспе барлық Әке арманы.
Қалай адам қыламын деп баламды,
Уайыммен атар кей бір таңдары.
Баласының қабағына қарайды,
Атса екен деп қуанышпен нұр таңы.
Әкесінің қамын жейді құрметтеп,
Ұлтшыл демек рухы биік ұрпағы.
Әке
Үлгі бізге айтылған сөзің дара,
Тапқан екен сені де төзімді ана.
Бізді жұрттар мақтаса мақтай берсін
Мақтау сөзге лайық жан өзің ғана!
Әке
Әке,қараш бәрінің әкесі бар,
Сіз сыймаған өмірдің кеудесі тар.
Әке бүгін балаңның баласы бар,
Атасы жоқ немереңе дүние тар.
Жұбайыңның жүректе жарасы бар,
Сыңары жоқ аққудың айдыны тар.
Ұлдарың жүр кеудеде зар-мұңы бар,
Сенсіз алған әр демнің тынысы тар.
Сізге арналған кеудеде жырларым бар,
Ішқұса боп өткізген фәниде тар.
Сенсіз өсіп жатырған отбасың бар,
Сенсіз әке бірақ-та шаңырақ тар.