Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұрынғы үйдің ізі де қалмаған": Қостанай облысында мердігер компания Ахмет Байтұрсынұлының үйін сүріп тастаған

Биыл 150 жылдығын атап өтетін Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қаны тамған үйінің ізі де қалмаған. Бұған дейін іргетасы тұрған. Ахаңның көзіндей сол берік іргетасты мердігерлер бұзып тастап, орнын тез үгітілетін таспен өрген. Ал жергілікті билік бұзылған үйде ұлт ұстазының дүниеге келмегенін алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Ахмет

Оның өзінде қиюын келтірмей, жұрттың ашуын туғызған еді. Бұл әрекет жалпақ жұртқа әйгі болды.

“Мынау арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Іргетасы қара шымнан, кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мынау арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта әжеміз Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестеңі шыққан. Ізі де қалмаған. Ең соңғы Ахметтің өзімізде бар ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз”, – деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.

Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй тұрған. Ұлт ұстазы Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді, дейді жұрт. Оны ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы бастапқы кейпіндегі іргетастың үстінен салған.

Тура бір ай бұрын Ахмет Байтұрсынұлы туған үй толық бұзылды. Биыл Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы десек, мақтан тұтарлық ешқандай ескерткіш қалмаған. Биыл мамыр айында үй қайта жаңғыртылады деп шешілді. Тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Бірақ 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалды.

Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шыққан. Қабырғасына деген құм блоктары көпке шыдауы екіталай еді. Жауапсыз мердігермен келісім екі жақпен үзілген. Оған бір тиын да төленбегендіктен іс сотқа жетпейтін болды.

“Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдарының айтуы бойынша қаланған үй. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновтың туған үйі жер бетінен ысырылып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды”, – деді мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.

“Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Сараптамаға дейін әлі өзгереді”, – дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев.

“Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап салса, көрнекі қылып. Бөлінген ақша аз емес”, – деді Ақкөл ауылының тұрғыны Кәдіржан Бөрібайұлы.

Ал Ахметке арналған кесене керісінше сапалы, әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен 10 млн теңгеге екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр болады. Биіктігі 7 метрден асады.

Талқылау