"Әділдің орнына досы барып, некеге тұруға өтініш бердік": Актер Әділ Ахметовтің жұбайы алғаш рет сұхбат берді
Танымал актер, Мемлекеттік "Дарын" Жастар сыйлығының лауреаты Әділ Ахметов алғаш рет отбасын көрсетті. Өнер иесінің жары да сұхбат беріп, қалай танысқандарын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Тағдыр жолы” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде актер мен жұбайы төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Жары Айнұр Сұлтанмұратова күйеуінің өмірі мен өнерін қолдайтынын айтты.
"Біздің таныстығымыз туған күн кешінен басталды. Туған күннен кейін құрбым Ақжарқын ол кісіге мен жайлы, маған ол кісі жайлы жарнама жасайды. Бірақ біз туған күнде кішкене сөзге келіп, қоштаспай кетіп қалдық. Маған Ақжарқын келіп, "Әділ сені қатты ұнатып қалды" деп айтты. Мен таңғалып қалдым. Сол қыз бізге бір-біріміз жайлы айтып жүрді. Академияда бір-бірімізді көріп жүрдік. Бәрі көзқарастан басталады демекші, кейін көзқарасымыз ғашық сезімге ұласты. Ақырындап сөйлесе бастадық. Солай өзіміз байқамай қол ұстасып кеттік. Мен ұзатылып келген соң, он күннен кейін үйлену тойымыз болды”, – деп отау тіккен күнін еске алды.
Жас шаңырақтың жұлдызды отағасы сол күні-ақ түсірілім алаңына кеткен.
“Сол он күн арасында біздің қазіргі өміріміз бастау алды. Ол кісі келе салып, түсірілімге кетіп қалды. Кино Қапшағайда түсіріліп жатты. Ол кездері АХАЖ бөліміне алдын ала баратын еді ғой. Солай Әділ түсірілімде болып, оның орнына досы барды. Сондай қызық болды. Бірінші күннен бастап, біздің өмірімізде түсірілім, жол жүру, сағыну деген сияқты дүниелер болды", – деді актердің әйелі.
Айнұрдың айтуынша, күйеуі қыз-қырқынның арасында жүргендіктен қызғанатынын да жеткізді. Алайда ол қызғаныш актердің рөл сомдауына кедергі емес көрінеді.
"Қызғанбаймын демеймін. Қызғанамын. Бірақ бәрі орнымен. Өзім осы саланы жақсы білгендіктен түсіністікпен қараймын. Қасына жолап кеткен әрбір қыздан қызғана бермеймін. Оның кейбір рөлдеріне қатысты айтып отырамын. Ғашықтың рөлін ойнасаң, бәрі сенетіндей жақсы ойнау керек деп айтамын. Одан кейін ол рөлі шығып, сол жерде ұшқын пайда болғанын сезсем қызғанамын", – дейді Айнұр.