Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әдемі сөзге алданып қалдық": Үй аламыз деп қыруар қаржысын құйған алматылықтар үйін де, ақшасын да ала алмай жүр

Алматыда үйлі боламыз деген үмітпен "Flora city stroy" компаниясына қыруар қаржы салған үлескерлер “әдемі сөзге” алданып қалғандарын айтып шағымданды. Айтуларынша, компания өкілдері алғашқы пәтерлерді желтоқсан айында табыстауы керек болған. Бірақ, баспана кілті берілмек түгілі кешеннің құрылысы да басталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы улескерлер

Осы себепті үлескердің көңілінде күмән оты тұтанып, бірден құйған ақшасын даулауға кірісіпкен. Алайда кәсіпорын директоры түрлі сылтау айтып, қаржыны қайтармай отыр, дейді үлескерлер.

Бұл жарнамасы жер жарған "Flora city stroy" компаниясының үлескерлері. Олар үй аламыз деп сеніп, соңғы тиынына дейін тапсырған құрылыс компаниясы түбі алдап соға ма деп қауіптенеді. Себебі, келісім бойынша алғашқы пәтерлер осы айда берілуі тиіс екен. Алайда, үй үлестірілгені былай тұрсын, оның құрылысы да басталмаған. Әу баста кешен бой көтереді деген алқапта құрылысқа дайындық жұмыстары да жүргізілмеген.

“Біз ұжымдық арыз жазып қойдық. Өйткені, біз ақша салған компания басшысы біресе “инвестор күтіп отырмын, біресе құрылыс материалдарын алып жатырмын” деп алдайды. Міне, бір жыл өтті, бірақ үй тұрғызылмақ түгілі, қазаншұңқыр да қазылмаған”, – дейді үлескер Самат Молбаев.

Тағы бір үлескер өзінің 12 миллион теңге өткізгенін сонымен қоса алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалғанын естігенін жеткізді.



Үлескерлер миллиондап құйған қаржы қайтарылса болды, басқа талап жоқ екенін айтады. Ал басы дауға қалған компания өкілдері қаржысын кері сұраған үлескерлерге ақшасын қайтарып жатырмыз деп ақталып отыр. 

“Осы келесі жылдың ортасына қарай аяқталуы керек еді. Бірақ қазірдің өзінде қоршау жұмыстарының бәрі жасалған. Сол қаладағы жүріп жатқан жоба. Құжаттарымызды бердік. Енді соны күтудеміз”, – деп түсіндіреді сату бөлімінің басшысы Ислам Шертаев.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек тергеу жұмыстарының әлі жалғасып жатқанын айтады.

“Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оның ішінде экономикалық тексеру. Сонан соң процесуалдық шешім қабылданатын болады. Үлескерлер "Flora city stroy"-дың тұрғын үй тұрғыза алатынына сенбейді. Сол үшін талай жыл тірлік етіп, тірнектеп жиған қаржысын қайтаруды талап етіп отыр”, – деді полицияның ресми өкілі.

Талқылау