Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абайлаңыз: Шымкентте интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Шымкенттік әйел әлеуметтік желіде алаяқтарға алданып, 17 млн теңгесінен айырылып қалды. Полиция департаменті оңтүстік мегаполисте алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі OTYRAR-ға сілтеме жасап.

Зардап шегушінің сөзінше, белгісіз азамат Facebook-те ұлттық компания атын жамылып, биржа нарығына салған ақшаны бірнеше еселеп қайтарып беруге уәде еткен. 

Әйел оған сеніп, ірі көлемдегі сомманы “Meta trader 4” атты бағдарламаға салыпты-мыс. Осылайша ол 17 млн теңгесінен айырылып қалды. 

Аталған фактіні полицейлер сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-тармағы ("Ірі көлемдегі алаяқтық") бойынша енгізді. 



Полиция департаменті бұл интернет-алаяқтықтың жаңа түрі екенін айтты. Бұған дейін тұрғындар мұндай шағыммен жүгінбеген. 
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция күдіктілерді іздестіру үстінде. Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдарға күмәнді аударымдар жасамауды және жеке мәліметтерді ешкімге хабарламауды сұрайды. 

Талқылау