Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында аяғы сынған досын ауруханаға жеткізген жігіт айыппұл арқалады

Үржар ауданының №2 аудандық сотында ер адам досына көмектесіп, дәрігердің жедел көмек көрсетпегеніне шағымданғаны үшін айыппұл төлейді. Жігіт ауруханада дәрігерлерді балағаттап, сес көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: niioncologii.ru

Сот отырысында құқықбұзушы Д кінәсін мойындамай, 1 қаңтар күні сағат 05:00-де аяғы сыңған досын аудандық ауруханаға апарғанын айтты. Ер адам аурухана қызметкерлері өз міндеттерін тиісті түрде орындамағандықтан, ескерту жасағанын, ешкімді балағаттамағанын айтты.

Істің құжаттарына сәйкес, азамат Д аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде бола тұра, медицина қызметкеріне өзінің лауазымдық міндеттерін орындауы кезінде дөрекі сөздер айтып, құрметсіздік танытқан.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 80-баптың 2-бөліміне сәйкес, медицина қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіру, атап айтқанда, былапыт сөйлеп, әбес қылық жасап, лайықсыз мінез-құлық көрсеткен және мазақ еткен жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (117 960 теңге) айыппұл салынады. Сонымен қатар 10 күнге дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. 

Сотталушының жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай анықталмаған. Д-ның жасаған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері сотта зерттелген әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, полиция қызметкерінің баянатымен, медицина қызметкерлері мен куәлардың жауаптарымен, іс материалдарына тіркелген видеомен толық расталады.

"Сот құқықбұзушы Д-ны ӘҚБтК-нің 80-1-бабының 2-бөлігімен көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Алайда құқықбұзушының материалдық жағдайын ескере отырып айыппұл соммасын 30% (82 572 теңге) төмендету туралы қаулы етті. Қаулы заңды күшіне енбеген", – делінген сот хабарламасында.



Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында ауруханаға жеткізілген 3 жастағы баланың ата-анасы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған еді. Оқыс жағдай сенбі күні медицина мекемесінің жансақтау бөлімінде болған. Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу туралы заң жобасын жариялаған еді. Онда дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Талқылау