Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында полицейлер 39 градус аязда адасып кеткен екі шопанды жаяу іздеген

Абай облысында қатты аязда адасқан екі шопан табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

22 ақпан сағат 01.24-те Абай облысының Жарма ауданындағы Шабақ қыстауынан шамамен 4 км қашықтықта екі ер адам полициядан көмек сұрап хабарласқан. 



Көмек сұраған шопан, жанындағы досымен кешке қыстақтан Суықбұлақ ауылына шыққан. Жол бойында трактордың жанармайы қатып қалған, кері қайтайын десе, адасып кеткен. Жарма ауданының учаскелік полиция инспекторлары дереу көмекке шығып, трактор дөңгелектерінің ізімен шыққан жерден шопандарды іздеген. 

"Іздеу жұмыстары оңай болмады. Өйткені екеуі өздерінің координаттарын бере алмады. Трактор дөңгелектерінің ізін байқап, шамамен бағытты түсіндік", – деді полиция қызметкері Дастан Иманов.  

Нива автокөлігімен даланы аралап жүріп, полицейлердің өздері қар құрсауында қалған. Көлікті тастап, іздеуді жаяу жалғастырған. Үсік шалған полицейлер 2 шақырымнан кейін тракторшыларды тапқан.

"Ең қиыны қызметтік көлікке қайту жолы болды, аяздан әлсіреген ауыл тұрғындарына көмектесу керек болды", – деді полиция қызметкері. 

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында 532 қоймен бірге жоғалған шопан үш күннен соң аман табылғаны туралы жазған едік. 

Талқылау