"Абақты – айыпты адамды жазалау орны ғана емес": Президент қамауда отырғандардың құқығын қорғауға шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, қамауда отырғандардың құқығын сақтау мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев жазасын өтеп жатқандардың негізгі құқығын сақтау маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, абақты дегеніміз – айыпты адамды жазалау орны ғана емес, адамның қайтадан қылмыс жасауына жол бермейтін мекеме болуға тиіс.
Сонымен бірге президент құқық қорғау органдарының қызметі халық арасында бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі туралы түсінік қалыптастырады деп санайды.
– Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін (ал мұндай жағдайлар аз емес), жұмысын лайық бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету, ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы полицияның оң имиджін қалыптастыру маңызды, – деді мемлекет басшысы.
Алқа отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі туралы есеп берді.
Бұған дейін ол қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты.