Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"9 жыл бедеулікпен күрестім": Дильназ Ахмадиева қалай балалы болғанын айтты

Танымал әнші Дильназ Ахмадиева алғаш рет отбасы мен баласы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “4:1” жобасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әншінің айтуынша, тұрмысқа шықпай тұрғанда  жақындарынан қысым көрген.

“Басқа қыздар секілді менен де “Қашан күйеуге шығасың?” деп сұрайтындар көбейді. Тұрмысқа шыққаннан кейін 2 айдан кейін 31 жасқа толдым. Ол кезде мен отбасы құндылығын түсінбедім. Өзімді ғана ойлап қалғанмын. Жасым ұлғайып шыққасын жолдасыммен түсініспей қалған кездер болды. Одан кейін арада бала болмады. 5 жыл ол кісімен тұрып, ажырасып кеттім. Біз Астана қаласында тұрдық. Ажырасқан күннен бастап ол кісіні мүлдем көрмедім. Астанада тұратынын естідім. Жолыма да кездеспеуін тілеймін. Қатты ұрысқанда “мені ешқашан көрмейсің” дейтін, сол тілегі қабыл болды.”, – дейді әнші. 

Өнер иесі екінші жолдасымен отандық жобалардың бірінде танысқан. 

“Ажырасу ешкімге де оңай болмайтыны анық. Қалпыма келу үшін де біраз уақыт керек болды. Екінші рет тұрмысқа 4 жылдан кейін шықтым. Отандық жобаның түсірілімі кезінде таныстық. Бірақ ол кезде мен оны күйеу ретінде көрмедім. Біз бір-бірімізді жан дүниемізбен түсіндік. Ішкі сезімдеріміз арқылы сырласқанда жақын адамдар екенімізді түсіндім. Біздің арамызда керемет махаббат пен сезім болған жоқ. Бірақ ортақ қызығушылық пен толассыз әңгіме екеуміздің шаңырақ көтеруімізге әкелді. Қазір ол кісі – баламның әкесі. Мен ана болуды қатты армандаған адаммын. Жолдасым сол арманыма жеткізді”, – дейді Дильназ. 

Сонымен қатар әнші өзіне бедеулік диагнозын қойғанын да айтты. 

“Дәрігерлер бала көтеру мүмкіндігі жоқ екенін айтты. 9 жыл бойы үміт үзбедім. Бірінші тұрмысқа шыққанда бірден жүкті болмадым. Үш айдан кейін көтердім. Бірақ жатырдан тыс жүктілік деген диагноз қойылды. Содан кейін бала көтере алмай қалдым. Ұзақ емделудің нәтижесінде Зиданды дүниеге әкелдім. Бұрын “Жасым өтіп барады, бала туу керек” деп ойлайтынмын. Қазір дәл уақытында ана атаныппын деймін. Оған дейін дайын болмағанмын. Менің болмысымды өзгерткен – балам. Бұрын ер бала секілді жүретінмін, қазір әйел сезінемін өзімді”, – дейді әнші. 

Талқылау