Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар ағаштарды кесіп тастағаны үшін Sulpak-қа байкот жариялауға шақырды

Әлеуметік желіде Нұржан Алғасов Sulpak компаниясы көпжылдық 11 ағашты түбімен кесіп тастағанын айтып, наразылық білдірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Желі қолданушысы экологиялық жағдайдың мәз емес екенін ескере отырып, ағаштарды кесіп тастау ақылға қонбайтынын айтты.

"Алматының экологиясы қатты жақсарып кеткен сияқты. Sulpak компаниясы 9 көпжылдық емен мен 2 қарағашты қалаға қажет емес деп шешіп, оларды кесіп тастапты. Қалада қадағалау органы бар ма? Оған кім және не үшін рұқсат берді? Бұдан былай Сулпакты айналып өтіңіз", - деп жазды ол. 

Төлеби өшесі 182 мекен жайы бойынша орналасқан Sulpak компаниясының ғимаратының алдындағы ағаштарды кесіп тастағанын көрген қала тұрғындары да наразылықтарын жасырмады. Желі қоланушыларының пікірінше, компанияның ерекше қорғауға алынған ағаштарды кесіп тастаудағы басты мақсаты - жарнамалық жазуларын көрсету. Осыған дейін ағаштар жазудың көрінуіне кедергі болып тұрған көрінеді. 

"Шынымен Sulpak-ты айналып өтейікші. Өйткені олар өз қаласын жақсы көрмейді, тұрғындардың қамын ойламайды (ыстық кезде де ағаштың көлеңкесі қажет қой), экологияға пысқырып қарамайды. Онсыз да ауа таза емес. Бұл недеген сұмдық", - деп жазды қолданушылар.   

Оқиғаға қатысты Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы түсініктеме берді. Олар, ағаштарды кесуге рұқсат берілмегенін айтады.

"Төле би көшесі, 187 мекен-жайы бойынша Алматы қаласы жасыл экономика басқармасы ағаш кесуге рұқсат бермеген. Бөлім қызметкерлері кесілген ағаштар мен құқық бұзушылардың құрамын анықтау үшін аудан әкімі және Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдерімен бірге жұмыс істейді. Қылмыскерлерді анықтағаннан кейін, біз Алматы полиция департаментімен бірге жауапқа тартамыз. Кейінірек тексеру нәтижелері туралы толық ақпарат береміз", - дейді қалалық жасыл экономика басқармасының баспасөз қызметі. 

Артынша ағаштар кесілген аумақ Sulpak компаниясының меншігіне кірмейтіні анықталды. Компания оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, қазіргі таңда мәселе бойынша құзырлы органдарга жүгінгендерін айтты. 

"Достар, кешегі күннен бастап бізге Төле би көшесі, 187 Әуезов көш. қиылысы мекенжайы бойындағы ағаштарды кесу туралы көптеген өтініштер келіп түсуде. Ағаштарды кесу орын алған аумақ Sulpak компаниясының меншігінде емес және біз сіз сияқты осы тұлғалардың әрекеттерін заңға қайшы деп санаймыз. Біз бірден құқық қорғау органдарына жүгіндік, олардан бізге осы жағдай бойынша өтініш берілгені және іс жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Нәтижелер жақын арада ұсынылатын болады деп сендірді. Біз жедел тергеуге үміттенеміз, тиісті органдарға жан-жақты қолдау көрсетуге және ынтымақтастыққа дайынбыз. Бізге қарсы асығыс қорытындылар мен негізсіз айыптауларды тудырмауларыңызды өтінеміз", - деп жазды компанияның баспасөз қызметі. 

Талқылау