Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

8 жылдан кейін: Алматыда Саин көшесінің ұзартылған бөлігі көлік қозғалысына ашылды

Жол құрылысы
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі ұзартылған бөлігі көлік қозғалысы техникалық түрде ашылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа учаскенің ұзындығы – 3,2 шақырым. Жобаны жүзеге асыру 2018 жылы басталған. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілген. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылған.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қозғалысты ашу алдымен 20 мамырға жоспарланса да, ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілген. Қолайсыз ауа райы электр беру желісін көшіру жұмыстарын кешеуілдеткен көрінеді. 

Жол құрылысы

Фото: Алматы қаласы әкімдігі
“Қазіргі уақытта жол бойында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттың жоғарғы қабаты төселеді. Сондай-ақ учаскеде қосалқы жолдарды, жүргіншілер жолдарын, велосипед жолдарын салу және оған іргелес аумақтарды көркейту жұмыстары жалғасуда”, – делінген әкімдік хабарламасында. 

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін жолдың бұл бөлігіндегі жылдамдық шегі 40 км/сағ болып белгіленді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда метроны "Барлыққа" дейін ұзарту жобасына 2,9 миллиард теңге бөлінетіні туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 05 Маусым, 2026 19:42