"Дүрбелең мен қауесетке бой алдырмаңыз": 8 ақпанда бүкіл Қазақстанда сирена қосылады
Ертең сағат 12:55-те Қазақстанның барлық қаласында дабыл жүйесін тексеру үшін электр сиреналары қосылады. Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарды сабырға шақырып, үрей мен қауесеттерге сенбеуін сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: dzen.ru
Ведомствоның хабарлауынша, 8-9 ақпан аралығында елімізде "Су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау" тақырыбы бойынша "Көктем-2024" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
Оқу үйлестіру және жетекшілік ету жөніндегі республикалық штаб Ақтөбеде орналасады. Оқу-жаттығу шеңберінде екі күн бойы барлық өңірде профилактикалық іс-шаралар кешені өтеді.
"Баршаның назарына!" дабылы бойынша аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында 8 ақпанда, сағат 12.55-де (Астана уақыты бойынша) барлық дыбыстық электр дабылдары қосылады. Тыныштық сақтауларыңызды және үрейге бой алдырмауларыңызды сұраймыз”, – делінген Төтенше жағдайлар министрлігі хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде кеңес өткен еді. Жиын барысында Тоқаев жер дүмпуі кезінде дабыл қосылмағаны жөн болғанын жеткізді. Айтуынша, дабыл қосылса, дүрбелең туындайтын еді.