"6 жарым айлық болып дүниеге келді": Гүлнұр Оразымбетова екінші жүктілігі жайлы ашып айтты
Белгілі әнші Гүлнұр Оразимбетова Айнұр Ілиясоваға берген сұхбатында екінші жүктілігінің ауыр өткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/gulnurorazymbetova
“Екінші ұлымды 31 жасымда босандым. Баламды босанар кезде ары-бері зырылдауымыз көп болып кетті. Жолдасым жұмыс барысымен Талдықорғанға ауысты, тұратын үйіміз Алматыда. Екі қаланың ортасында апта сайын көлікпен жүретінбіз. Екі қаланың ортасындағы жол да жаман болды. Балам 6 айлығында өмірге мерзімінен бұрын келді. Бірақ менің өмірім бірінші орында тұрды. Себебі дәрігерлер “анасының өмірін сақтап қалуымыз керек” дегенді айтты. Жүктілігім ауыр өтті. Апта сайын ауруханда жататынмын. Токсикоз, балаға іштегі су жетпей қалды, баланың іште жатып даму кезіндегі проблемалар көп болды. Сол баламды бар жаныммен өмірге аман-есен келуін тіледім. Біреу түшкіріп, жөтелсе, қорқып, сол адамнан қашатынмын. Бірақ бәрібір ауырып қалатынмын. Салқын тиіп, тұмауратып көп ауырдым. Ауруханадан шыққан күні, кешке қарай тағы ауруханаға түстім. Мені жедел жәрдеммен Алматыға алып кетті. Талдықорған мен Алматының екі ортасында өліп кететін шығармын деп ойладым. Ауруханада бір апта жаттым, ем алғаныммен ағза ештеңені қабылдамайды. Сөйтіп дәрігерлер мені аман алып қалмақ болып, ота жасауға шешім қабылдады. Ота жасады, бала 6 жарым айлық болып дүниеге келді. Оның ағзасының толық қалыптасуы үшін тағы бір жыл ауруханада жаттық”, – дейді өнер иесі.
Гүлнұр Оразымбетова босанғаннан кейінгі ауыр күндерін еске алды.
“Ұлым тышқан жылы дүниеге келді. Сол жылы мерзімінен бұрын туған балалар өте көп болды. Медбикелерге кәмпитімді, қолымдағы барымды беріп балама кіретінмін. Сүтті балама ауызына салып қоятын түтікшемен беремін. Бетіне қарап отырып әңгіме айтамын. Бір бөлмеде мерзімінен бұрын туған балалар толып жатыр, барлығы аппаратта. Ол жаққа аналарын кіргізбейді, мен ретін тауып көріп тұратынмын. Күндіз-түні Алладан баламның амандығын тілеймін. Ұйықтамайтынмын, себебі, аузындағы түтікше түсіп қала ма деп қорқамын. Желтоқсан айында дүниеге келді, ауруханада жарық өшіп қалмаса екен деп тілейтінмін. Жарық өшсе, барлық аппарат істен шығады. Өте қиын кезең болды. Сол сәттерді көңілім босамай, жай ғана еске алу мүмкін емес. Ұлым туғанда көлемі жарты литрлік бөтелкедей ғана болатын. Сол кезде мен бәрінен бас тарттым. Сахнадан да, шығармашылықтан да. Бар ойым ұлыммен аман-есен ауруханадан шықсам екен деп тіледім. Жазылып шыққан соң да төрт жыл балама қарап үйде отырдым”, –дейді әнші.
Сондай-ақ ол екінші ұлының аяғы да әлсіз боп туылғанын жасырмады.
“Аяғының сіңірлері тартылып туылды. Маған басында-ақ ота жасалатынын айтты. Кейін бес рет ота жасадық. Қазір Аллаға шүкір жақсы. Жақсы мамандарға жолығып, дұрыс ем қабылдап, сәтті ота жасалды. Бірақ әлі күнге дейін аяқ киімді арнайы тапсырыспен тіктіріп аламыз. Бұйырса, Нұранбек 15 жасқа толады”, – дейді Гүлнұр Оразымбетова.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
