6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтар ауруханадан шығарылды
Алты айдан астам уақыт комада жатқан ұлттық ұлан сарбазы ұлттық нейрохирургия орталығынан үйіне шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар әлі қалпына келмесе де, ауруханадан шығарылған.
Дәрігерлер Ербаян Мұхтардың жағдайы мүшкіл екенін және кәсіби медицина қызметкерлерінің күтімін қажет ететінін айтады. Өйткені ол медициналық қызметкерлердің бақылауымен үнемі дәрі-дәрмек, антибиотиктер, дәрумендер алуы керек.
Сарбаздың туыстары жеке дәрігерлердің ақысын төлей алмай отыр.
Онымен қоса Ербаян Мұхтарға мүгедектік тағайындалмаған, себебі сот процесі аяқталған жоқ. Жақындары оның жағдайы ауыр екенін дәлелдей алмай отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында әскери бөлімде жарақат алып, алты ай бойы комада жатқан сарбаздың анасы әділдік талап еткені туралы жазған едік. Содан кейін бас әскери прокуратура Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты мәлімдеме жасады.