556 мың тонна мақта, 592 млн доллар экспорт: Түркістан аграрлық салада көш бастады
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған “AGROFEST TURKISTAN – 2026” фестивалі өтті.
Бүгінде өңірде 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді. Бұл – республикадағы жалпы көрсеткіштің 33 пайызы. Еліміздегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 14 пайызы Түркістан облысының үлесінде.
Биыл 10 айда өңірде 1 трлн 252 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өсім 7 пайызды құрады. Салаға 236 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, экспорт көлемі 592 млн долларға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Қайта өңдеу өнімдерінің көлемі 150 млрд теңгеден асты.

“Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, өндірісті жаңғырту және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, аграрлық әлеуетімізді толық іске асыруымыз қажет. Қол жеткізген жетістіктеріміз – ауыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі”, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Биыл өңірде егіс көлемі 920 мың гектарға жетті. Диқандар 534 мың тонна астық, 1,7 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,5 млн тонна бақша өнімдерін жинады. Мақта шаруашылығында тарихи рекорд тіркеліп, 556 мың тонна шитті мақта өндірілді. Өнімділік гектарына 32 центнерге жетті.

Өңірде мақта-тоқыма және ет кластерлері дамып, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін 32 млрд теңгелік зауыт іске қосылды. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 164 мың гектарға жетті.

