Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5000 адам, 30 миллиард теңге": "Бану мен Айсқа" алданған қыз-келіншектер оқиғаның қалай басталғанын айтып берді

Қоғамды дүр сілкіндірген “Айс пен Бану” ісіне нүкте қойылатын емес. Еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған келіншек тауар аламыз деген ақшаларын қайтара алмай жүр. Ашынған әйелдер “Көреміз” бағдарламасында қонақ болып, оқиғаның қалай басталғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Банудың шын есімі – Альбина Асылбекова” 

Екі саудагердің есепшотына елден жиған-тергенін жіберген менеджерлер "тауар түгілі тас та жоқ", – деп зар жылайды. Эля есімді келіншек алғашында тапсырысының келгенін айтты.

“Үйге қажетті дүниелерге тапсырыс бердім. Басында еш күмәнсіз тапсырыс берген тауарларым келе бастады. Ыдыс-аяқ пен ваннаға қажетті заттарым айтылған күнінде келді. Ешқандай күдік болған жоқ. Менен көріп арзан бағаға таныс келіншектер де тапсырыс бере бастады. Бірақ кейін сылтаулары көбейіп, берген заттарымыз келмеді. Арты міне, осындай жанжалға ұласты”, – дейді Бануға алданған әйел. 

Алданғандардың арасында емізулі баласын тастап, ақшасын қайтара алмай жүрген Ботакөз Балкөбекова да бар. Оның айтуынша, Банудың менеджері болып, командасына қосылған.

“Осы іс бойынша Семей қаласынан келіп тұрмын. Альбина Асылбековаға алданып қалдым. Қыркүйек айынан бері көмек сұрап, бармаған жеріміз жоқ. Банудың шын аты – Альбина Асылбекова. Бізге өзін “Бану” деп таныстырды. Біз менеджері арқылы сөйлестік. 2018 жылдан бері саудамен айналысамын. Алматыдан көтерме бағада тауар әкеліп сататынмын. Таныстарым Қытайда арзан болады, сол жаққа тапсырыс берсең деген ой айтты. Содан кейін ойлана келе Банумен байланыстым. Өзімнің ақшамнан бөлек, жанымдағы адамдардан да тапсырыс қабылдап, ақша жинай бастадым. Бануға берген ақшамның сомасы – 10-11 миллион теңге. Олардың жұмыс істеу схемасы қаржы пирамидасына ұқсайды. Мен менеджер болып Банудың астына тіркелдім. Тобымда 300-ге жуық қыз-келіншек ақшасын ала алмай жүр”, – дейді алданған әйел. 

Студияға келген сарапшының айтуынша, асүй жиһазының бағасын небәрі 17 000 мың теңге деп көрсеткен, алайда отандық нарықта 250 мыңнан жоғары. Зауыт бағасы дегеннің өзінде мұндай су тегін болуы мүмкін емес дейді.

 “150 миллион теңге аудардым”

Гүлвира Құсайынова есімді келіншек “Банудың жеке шотына 150 миллион теңге аудардым” дейді. 

“2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Банумен араласа бастадым. Жарнамасы алдымнан шыққасын, қызығып кіріп қарап көрдім. Арзан бағада тауарлар бар екен. Кейін келе чатқа қосылдым. 3-4 айда тауарды жеткіземіз деген сөзіне сеніп қалдым. Бірақ бірден тауарға тапсырыс берген жоқпын. Бақылап көрдім. Әйелдер тапсырысын алып, есеп беріп жатқанда барып сендім. Ол кезде Қытаймен бизнес, карго деген ұғымдармен таныс емес едік. Мені де Банудың менеджері өзінің атына тіркеді. Кейін уақыт өте келе Банудың өзі маған хабарласып, командасына қосты. Өйткені мен өте көп тапсырыс алып, тауар саттым. 146 миллион ақша аудардым. Бану маған үстемақы төлеп, бонус берген емес”, – дейді Гүлвира. 

 “Алданғандар арасында кәсіпкерлер де бар”

Сонымен қатар “Айс есімді саудагерге алдандық” деген әйелдің де қарасы көп. Ең қызығы, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер де бар. Айдын Нұрсейіт есімді кәсіпкер жиһаз сатумен айналысады. 

“Сәуір айынан бастап, шілде айына дейін 3 камаз жиһазға тапсырыс бердік. 2 камаздың ақшасын шығарып алдық. Үшіншісі келмей қойды. Сол кезден бастап сылтау айта бастады. Телефонын көтермегесін, қоймасына іздеп бардық. Сол кезде бізбен бірге бірнеше әйел кісілер де жүрді. Олар да тапсырыс беріп, тауарларын алмаған. Бір әйел 86 миллион теңге аудардым” дегенде шок болдым. Бір ғана адамға ондай ақша өте көп. Бір кісі 25 мың теңгеге жиһаз алыпты. Менің дүкенімде ондай тауар 120 мың теңге тұрады. Өте күмәнді болып көрінді. Ешқандай кәсіптің иісі де шықпайтынын бірден түсіндім. Кәсіпкерлік мақсат жоқ. Кәсіпте тауардан пайда көруі – заңдылық. 

 “Күн сайын клиенттер қарғайды”

Айс Мұратова алданған әйелдің бірінің айтуынша 58 миллион теңге аударған. Ең сорақысы Айс қоқан-лоққы көрсетіп қорқытқан.

“Ақшамызды қайтаруын сұрағанда мені қорқытты. Сенің ажалың екі литр бензиннен болады” деді. Үйіңді өртеп кетеміз, бала-шағаңды қырып кетеміз деп қорқытады. Содан кейін мен қатты қорқып, күйзеліске түстім. Қазір анализ қорытындылары дұрыс емес. Денсаулығым сыр берді. 5000 мың теңге үшін қарғайтын келіншектер бар. “Сол ақшаны қараңа жарат”, “Құран бағышта өзіңе” деп қарғайды”, – дейді Айгүл Мыңбаева. 

Сонымен қатар студияға үш айдан бері “Бану мен Айс ісін” зерттеп жүрген заңгер Нұрсұлтан Орынбек те шақырылды. 

“Үш айдан бері зерттеп жүрген кезде көзім жеткені – нағыз опық жеп отырғандар менеджерлер. Оларға бұл жағдай екі есе соққы болып тұр. Өйткені артында халық тұр. Бұл жүйенің артында үлкен кісілердің тұруы мүмкін. Бір ғана саудагердің қолынан келетін іс емес”, – дейді. 

Сондай-ақ Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, қылмыстық іс аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатқан көрінеді. 

Талқылау