Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

500 теңгеден жинап жүрген: Ақтөбеде күзетшілер жетім жігітке жабылып, үй алып берді

Ақтөбелік жігіттер өздеріне жетпей жатса да мұқтаж әріптесіне үй алып берді. Қарапайым күзетшілер бірнеше жылдан бері әрқайсысы айына 500 теңгеден бөлек алып қоя беріпті. Баспананың бағасы жиналғанда жетім жігітке жәрдем болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

бала

Мұхамбет Тержан мен оның әріптесі Әділхан Аймағамбетов

Бесіктен белі шықпай жатып сәбилер үйіне түсіп, кейін балалар үйі, артынан отбасы үлгісіндегі үйде тәрбиеленген Мұхамбетжан "өз үйі - өлең төсегі" бар екеніне әлі де сенбейді. 18 жастағы студент жігіт күзет қызметіндегі ағаларымен танысқан сәттен бастап өмірі өзгергенін айтады.

"Алға балалар үйінде болдым. 14 жасымнан бері осы күнге дейін, 18 жасқа келгеніме қарамай, қолдау беріп келе жатыр. Осы күнге жеткенім үшін өзімді бақытты бала сезінемін", - балалар үйінің түлегі Мұхамбет Тержан.  

2014 жылы күзет мекемесіндегілер Алға балалар үйімен байланыс орнатып, ондағы көп баланың біріне қамқорлық жасауды ұйғарыпты. Оқуы мен тәртібі жақсы, спортқа бейім, әрі қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын Мұхамбет бірден көзге түседі. Күзет қызметкерлері де Мұхамбетке бауыр басқандары сондай, каникул кездері үйлеріне қонақ қылып, кейін колледжге түсуіне ықпал еткен. Үнемі қамқор болып жүреді.

"Біздің ұжымның жұмысшыларының өздері, оларды ешкім қинаған да жоқ, сол ақшаларынан бөліп тұрамыз деді. Бір жылда- бір рет. Жұмысшыларымыздың айлықтары да онша үлкен емес. 50-60 мың. Соның арасынан 500 теңгеден бөліп, 2014 жылдан бері жиналған ақшаға осындай үй алып беріп жатыр", - деді күзет мекмесінің өкілі Әділхан Аймағамбетов.  

Баспананы жөндеу, ішіне жиһаз, керек-жарақты алуды да күзет мекемесіндегілер өз мойындарына алыпты. Мұхамбет әңгіме арасында ағаларына қайта-қайта алғыс айтумен болды. Ол қазір колледжде білім алып жатыр екен. Болашақ электрик. Демалыста жүргеніне қарамастан, еңбек етіп жүр. Үйдің бар тірлігі өз мойнында. «жасау білмейтін тамақтарды үйреніп жүрмін. Болашақта керек болады деп. Сол үшін Youtube-тан қарап, дайындаймын. 18 жастағы жігіттің бір ғана арманы бар. Ол бақытты отбасын құру.

Маңдай терімен тапқан титтей жалақысын қайырымдылыққа жұмсап жүрген жігіттердің өздерімен де сұхбаттасқымыз келген. Бірақ, олар жасаған жақсылықтарын жарнамалағысы келмейтіндерін айтып, ат-тондарын ала қашты. Алдағы уақытта олар қаза тапқан әріптестерінің балаларына қамқор болып, солардың баспаналы болуына көмектескісі келетіндерін айтты.

Талқылау