Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Экс-депутат қоршау қойған": Алматы облысындағы саяжай тұрғындары елдімекенге баратын жолдың жабылғанына наразы

саяжай тұрғындары

Фото: Видеодан скриншот

Алматы облысындағы Төңкеріс ауылында төрт саяжайдың халқы бұрын депутат болған жергілікті кәсіпкердің әрекетіне наразы. Айтуларынша, шаруа қожалығының иесі мектеп пен ауруханаға барып жүрген төте жолды жауып тастаған. Салдарынан 2 мыңнан астам отбасы қоршауда қалғандай дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шаруа қожалығының иесі төте жолды тастармен 2 апта бұрын жапқан. Содан бері не жедел жәрдем, не оқушылар автобусы саяжайға жете алмай, қиналады дейді.

Негізі елді мекенге апаратын балама жол бар. Бірақ онымен 2 ауылды айналып, 5 шақырым сандалуға тура келеді екен. Жолды жапқанның кесірінен төрт саяжай тұрғындары қиналып қалды. Әсіресе елдімекендегі қарттар мен дәрігердің бақылауына мұқтаж жандарға қиын дейді.

Төңкеріс халқы төте жолдың ашылуын талап етіп, кәсіпкердің әрекетін заңсыз деп санайды. “5 метрге жетпей, қалай жерді заңдастырып отыр?! 2Гистан осы жолды көрсетеді. Бірақ бізді жолдан кесіп тастап отыр. Қара жолды жабу деген өте қиын . Жетісіп жүргеннен саяжайда жер алған жоқпыз. 90%-ы көпбалалы, жалғызбасты аналар, асыраушысы жоқ отбасылар”, – деді саяжай тұрғыны Әйгерім Нұрданова
“Сайлау болғанда саяжайлықтардың бәрі барады. Тазалық акциясына да қатысады. Ал енді осы жолға келгенде, 2 метр жолды беруге болады ғой. Екі ауылды бөліп тастап отыр”, – деді тұрғын Мира Маймарова. 

Басы дауға қалған кәсіпкердің өкілі төте жолға айналған жер заң бойынша меншігінде екенін айтты. Сол себепті де бөгеттер қойып, көлікпен өтуге тыйым салдық дейді.

“Аумақты қолдануға бергеннен өзімізге зиян келіп жатыр. Негізі жолға айналып кеткен жерді де қазып, 900 гектардан астам учаскемізді толық игеруіміз керек. Сол себепті де жолды қайта ашуды қарастырмаймыз”, – деді "LA FATTORIA" ЖШС өкілі Санжар Сүлейменов.

Негізі 4 саяжай Еңбекшіқазақ ауданына, ал дау болған төте жол Талғар ауданына қарайды. Бірақ екі ауданның да әкімдігі шарасыз. Талғар ауданы кәсіпкерін қолдаса, Еңбекшіқазақ ауданы халықта балама жол бар деп мәселеге шешім айта алған жоқ. Енді саяжайлықтар сотқа жүгінбек.

Қырмызы Скендирова
Жұма, 17 Сәуір, 2026 08:12