Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда топырақ көшкіні жүрді

алматыда топырақ көшкіні

Фото: Алматы қаласы ТЖД

16 сәуір кешінде Алматының Бостандық ауданында лай көшкіні жүрді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Tengrinews.kz редакциясына Ремизовка ауданынан түсірілген видео жолданған. Видео авторының айтуынша, жоғары жақтағы жолдан опырылған топырақ төменгі жолға құлаған.

Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, "Ремизовка" бау-бақша серіктестігі аумағындағы оқиға туралы хабар 112 желісіне сағат 18:10-да түскен. Оқиға орнына жедел түрде ТЖД, "Қазселденқорғау" мекемесі және қалалық құтқару қызметтері барған.

Мамандар жауын-шашын салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, соның нәтижесінде шамамен 300 текше метр көлемінде лай-топырақ массасы жылжығанын анықтады. Соның салдарынан бір ғимараттың шатыры зақымданған. Зардап шеккендер жоқ.

Салдарын жою жұмыстарына 40-қа жуық адам мен 10 техника жұмылдырылған. Қазір комиссиялық тексеру жүргізіліп жатыр. Аумақта ТЖД мен полиция қызметкерлері кезекшілікке қойылған.

Алматы ТЖД қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады. Тұрғындарға герметикалық емес септиктерді, шұңқырларды және көше әжетханаларын пайдаланбаған жөн, өйткені бұл топырақтың қосымша ылғалдануына әкеп соғуы мүмкін.

Жеке үй иелері мен бау-бақша серіктестіктерінің басшыларына суару құбырларының, кәріз және дренаж жүйелерінің, сондай-ақ септиктердің жай-күйін бақылауда ұстау ұсынылады.

Сонымен қатар учаскелерде судың жиналуына жол бермеу және нөсер мен еріген қар суының уақытылы бұрылуын қамтамасыз ету маңызды.

Мамандар бұл шараларды сақтау топырақ жылжуы қаупін азайтуға және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін атап өтті.

Еске салайық, 2024 жылы 8 ақпанға қараған түні Алматыдағы Медеу ауданында сел жүріп, екі үй зақымдалған еді. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйде болған 4 адамды іздестірген.

ТЖД құбырдың жарылуы селдің алдын ала себебі болуы мүмкін екенін айтқан.

Ал лай көшкіні салдарынан қираған үй астынан 1984 жылғы ер адамның, 1980 жылғы әйелдің және 2007 жылғы егіз жасөспірімдердің денелері табылған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 17 Сәуір, 2026 09:48