Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

4 жасар Айкөркемнің өлімі: Ақталып шыққан әскери қызметкер қайта сотталды

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 4 жасар Айкөркемді атып өлтірді деп айыпталған әскери қызметкерге қатысты іс сотта қайта қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ашық дерекөзден

Әскери соттың мәліметінше, қылмыстық іс жабық сот отырысында "құпия" белгісімен қаралған.

“ҚР әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қару қолдану арқылы билікті асыра пайдалану бойынша айыпталған  әскери қызметші Ж.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады. Бұған дейін кассациялық сот алқасы жәбірленуші тараптың шағымдары мен прокурордың наразылығы негізінде апелляциялық сот алқасы үкімінің күшін жойып, екінші сатылы сотқа қайта қарау үшін жолдаған”, – делінген сот хабарламасында. 


"Бір досым ғана қалды": Қаңтар оқиғасында алаңға ту көтеріп шығып, басына оқ тиген Берік Әбішев қазіргі жағдайын айтты


Сотта 2022 жылғы 7 қаңтарда сағат 19.30 шамасында, сотталушы Ж., блок бекетінде бола тұра, өзінің қарамағындағы әскери қызметшілерге блок бекетіне жақындап келе жатқан автокөлікке оқ ату туралы заңсыз бұйрық бергені анықталды. Нәтижесінде, алған оқ жарақаты салдарынан 4 жасар Айкөркем көз жұмды.

“Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, яғни жәбірленушілер мен куәгерлердің  айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындылары және заттай дәлелдемелерімен дәлелденді. ҚР Әскери сотының сот алқасы ақтау үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды, оған сәйкес Ж. кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылып, 7 жылға сотталды”, – делінген сот үкімінде. 

Апелляциялық үкім заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін жоғарғы сот Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде төрт жасар Айкөркем Мелдеханды өлтірді деген әскери қызметкер Арман Жұманға қатысты әскери соттың апелляциялық алқасының шешімін жойғаны туралы жазған едік. 

Талқылау