"4 миллион теңге рәсімдемек болды": Айгүл Иманбаева "SIM-картаның мерзімі өтті" деп хабарласатын алаяқтарға тап болды
ҚР мәдениет қайраткері, “Болашақ” бағдарламасының түлегі Айгүл Иманбаева алаяқтарға алданып қала жаздады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/aigul_imanbayeva/
Өнер иесі оқиғаның мән-жайын жеке парақшасында айтып берді.
“Құрметті оқырман, сіздерге 1-2 сағат бұрын ғана болған оқыс оқиғаны бөлісейін. Актив орталығынан хабарласып, телефонымдағы SIM-картаның мерзімі өткенін айтты. Англияда сондай система бар еді. Мерзімі өтсе, сатып жібересің немесе уақытын ұзартасың. Еуропадағы байланыс жүйесі бізге де келген екен ғой деп ішімнен таңғалдым да, жеке мәліметтерімді айта бастадым. Код келіп, оны да айттым. Біраз дүние айтылды. Несие беретін банктердің де аты аталды. Тіпті 4 миллион теңге ақша түсіп тұр, келісіміңізді беріңіз” деді. Айтқан батырмасын бастым да. Бір кезде жүрегім бірдеңені сезгендей кілт тоқтадым. Ойыма бірден алаяқ адамның әрекеті екені есіме түсті. Бірден банктерге хабарласып, есепшотымды бұғаттап тастадым. Осы күнге дейін ешкімге есесін жібермеген, алаяқтың арбауына түспеген Айгүл Иманбаева алданып қалды. Гипноздап тастаған сияқты болды. Сіздер де сақ болыңыздар!”, – деп жазды әнші.
Айта кетейік, Екібастұзда алаяқтар 63 жастағы тұрғынға SIM-картасының қолданылу мерзімі аяқталғанын айту арқылы 3 миллион теңге несие рәсімдеген. Мамандар алаяқтықтың жаңа түрінен сақтануға шақырды.
“Әрі қарай алаяқтар қоңыраулар мен SMS-ті басқа нөмірге немесе SIM-картаның виртуалды нұсқасына бағыттайды. Осыдан кейін банктер несие ұйымының жеке кабинетіне кіруді растайтын кодты сұрайды. Хабарлама арқылы келген нөмірді жібереді. Олар көбіне жасырын немесе шетелдік нөмірлерден қоңырау шалады”, – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полициясының киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанат.
Еске салайық, 29 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында алаяқтар ер адамды алдап, атына несие рәсімдегенін жаздық. Желіде несие рәсімдеу барысындағы ер адамның суреті тарады. Суретте ер адамның көзін біреу қолымен күштеп ашып тұрғанын байқауға болады. Бірақ ер адам осы қалпында сәйкестендіруден сәтті өткен.