Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

31 мыңнан аса азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болды – Ішкі істер министрлігі

Өткен жылы 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

пирамида

"Өткен жылы еліміз бойынша 31 мыңнан астам азамат қаржы пирамидаларынан жапа шекті. Оларға 54 млрд теңгеден астам сомаға залал келді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының өндірісінде осы санаттағы 65 қылмыстық іс бар, 3 мыңнан астам жәбірленуші танылды. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары қылмыскерлердің қызметі экономикалық белсенділіктің жоғарылауымен, сондай-ақ халықтың инвестицияға қызығушылық таныта бастауымен байланысты. Сұраныс ұсынысты тудырады", – деді департамент бастығы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспсөз мәслихатында. 

Оның сөзінше, қаржы пирамидалары бүгінде өзін үстеме инвестиция саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсетіп отыр. Өздерінің жарнама кампанияларында олар "Инновациялық жоба", "тиімділігі жоғары бизнес", "бірегей", "аса тиімді", "табысқа кепілдік береміз" сынды сөздерді пайдаланады.

"Алаяқтар заңды микроқаржылық ұйымдармен, букмекерлік кеңселермен, тұтыну кооперативтерімен және жабық инвестициялық пай қорларымен жасырына алады. Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар онлайн-табыс немесе жоғары табысты онлайн-жобаны ұсына отырып, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде. Олар танымал мессенджерлерде чат ашады және қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады", – деді Санжар Әділов.

Талқылау