Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жауапкершіліктен жалтару": 30 жылдағы қателіктің бәрін Назарбаевтың мойнына артқан дұрыс па

2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірінің бірден өзгергенін байқаймыз. Мысалы, соңғы жолдауында ол "өткен 30 жылдағы қателіктер" туралы айтып, Әбішұлының билік еткен жылдарын сынағандай болады. Осыдан кейін шенеуніктер арасында туындаған мәселенің бәрін 30 жылдағы қателіктен көретін тенденция қалыптасты. Өз кезегімізде біз сарапшылардан еліміздегі мәселенің барлығын Назарбаевтың мойнына артқан қаншалықты дұрыс екенін сұрадық.

Назарбаев ойланып

30 жылдың көлеңкесі

2022 жылдың басы елімізде қаралы Қаңтар оқиғаларымен басталды. Басы бейбіт басталып, соңы дүрбелең мен қырғынға ұласқан сол оқиғадан ресми 238 адам опат болған. Із-түссіз жоғалғандар бар. Бұл оқиғаға байланысты тергеу әлі жүріп жатыр. Билік толық мәлімдеме жасаған жоқ.

Қаңтар қырғынынан кейін Назарбаевтың туыстары мен жақтастары қызметтен кетті. Біразы сотталды. Мысалы, немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға түрмеге отырып, әйелінің үстінен іс қозғалды. Жақында тұңғыш президенттің құдасы Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған.

Назарбаевтың өзі де біраз өкілеттіктерінен қағылды. Елбасы мәртебесінен айырылып, 2019 жылы Тоқаевтың өзі ұсынған Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайта Астана болып өзгерді.

Тоқаев 2023 жылы 9 қаңтарда халыққа Жолдауында жұрттың бос уәдеден жалыққанын айтады.

"Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде орындағанын қалайды", – деген ол.

Дәл осы жолдауында ел экономикасына тоқталған Тоқаев "30 жылдан бері біз өзімізді қарапайым жабдықтармен қамтамасыз ете алмай келеміз" деп сынайды.



Осыдан кейін жоғарыда айтып өткен "30 жылдың қателігі" туралы үрдіс қалыптасып кетті. Тіпті, 19 наурызда болған парламентке партияларды сайлау науқаны кезінде додаға түсіп жатқан кандидаттардың аузынан да осы сөзді естідік. Мәселен, "Amanat" партиясының тізімінен мәжіліс депутаты болған Ерлан Сайыров үгіт-насихат жұмыстары кезінде "30 жыл бойы тоналған ақшаны халыққа қайтарып, жол салуымыз керек" дейді.

"Тоталитарлық жүйенің жалғасы"

Саяси сарапшы Қазбек Бейсебаев Назарбаевтың 30 жылдағы билігінің бағасын уақыт көрсететінін айтады. Бірақ осы жылдарда елімізде біраз мүмкіндіктердің болғанын алға тартқан ол сол кездегі биліктің ақшаны босқа шашқанын мойындайды.

"Мысалы, ЭКСПО-ның орнына ауыл шаруашылығы мәселелерін шешуге болар еді. Болмаса оның орнына тұрғын үй-шаруашылық бөліміндегі мәселелерді шешер едік. Ал биыл Екібастұз қаласында болған апаттан қаншама халықтың қақаған аязда жылусыз қалғанын көрдік. Сондықтан біраз мүмкіндіктерді уыстан шығарып алғанымызды мойындауымыз қажет", - дейді Бейсебаев.

Сарапшы Назарбаевтың "ақша болса болды, барлығын сатып аламыз" деген саясаты болғанын еске алады. 

"Біз өзіміз өндірудің орнына "қажет болса сатып аламыз" дегенге үйреніп қалғанбыз. Ал қазіргі жағдай еліміздің азық-түлік және энергетика жағынан тәуелсіз болуы тиіс екенін көрсетіп отыр", - деп түсіндіреді ол.

Бейсебаев сонымен қоса бұрын өзі де ескі биліктің құрамында болып, қазір Назарбаевты сынайтындар туралы сөз қылады. Сөзіне дәйек ретінде ол президент аппаратында жұмыс істеген Арман Шораев пен Мұхтар Тайжанды келтіреді. 

"Бұрын сол биліктің құрамында болғандар қазір неге оны жамандайды. Онда неге бірге жұмыс істедіңдер деген заңды сұрақ та туындайды. Олардың өздері жауапты болуы керек. Сондай-ақ қазір билікте отырғандардың бәрінің Назарбаев дәуіріне қатысы бар", - дейді сарапшы.



Саясаттанушы Дос Көшім бұл қателіктерді 30 жылдың емес Кеңес Одағы дәуірінен бері келе жатқанын баса айтады. Айтуынша, еліміздегі биліктің жүйесі баяғы коммунистердің құрған жүйесімен қалып қойған.

"Назарбаевтың кезеңінде тоталитаризмнің авторитарлық формасы көрініс берді. Бірақ биліктің жүйесі коммунистер құрған жүйемен қалды. Идеология сол. Билікте отырған адамды мақтау, биліктің жасап жатқаны дұрыс деп бүкіл мемлекеттік идеологияның бағыты бір. Бұл – Кеңес үкіметінің жасағаны, мұны Назарбаев ойлап тапқан жоқ. Өйткені Назарбаев та сол Кеңес үкіметінің адамы болды", - дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы мұны бұрынғы тоталитарлық жүйенің жалғасы екенін және оның Тоқаевтың билігінде де жалғасып келе жатқанын айтады.

Парламент мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты Айдос Сарым өткенге пессимистік көзқараспен қарауға болмайтынын айтады. Қазіргі уақыттағы әлеуметтік жағдай осындай көзқарас тудырып отырғанын мойындаған ол болашақта бұл кезеңге басқаша қарауымыз мүмкін деген сенімін білдіреді. 

"Саяси тұрғыдан жапа шеккен немесе осы 30 жылдың ішінде қудалау көрген азаматтардың айтқанын түсінуге болады. Бірақ тағы да қайталап айтамын, қоғамда үлкен өзгеріс болады, жаңа көзқарас қалыптасады. Сол кезде бұл тек ақ пен қарадан ғана тұрмайтын мозаика секілді қабылданады", – дейді Сарым.

Депутат сонымен қатар "30 жылдың қателігі" деген сөз арқылы көбісі жауапкершіліктен жалтарып кеткісі келмей ме деген ойға да пікірін білдірді.  



"Ол да бар. Алайда бір ғұламаның "өміріңде болған қиыншылықтарға айналып келгенде өзің ғана кінәлісің" деген сөзі бар. Сол есіме түседі. Бұл шынымен де жауапкершіліктен жалтару. Өзіңнің басындағы қиындықты біреуге арту, Назарбаев кінәлі, Путин кінәлі, заман кінәлі деу – өзіңнің де еш әрекет етпегеніңнің көрінісі", – деп қосты саясаткер.

Айдос Сарым өз кезегінде Назарбаевтың саяси қателіктеріне де тоқталды.

"Біріншіден, биліктің монополиясы – сөзсіз қателіктерге алып келді. Екіншіден, өзінің отбасына ерекше мүмкіндік беруі. Үшіншіден, кезінде 90-жылдардың басында билікті қолына шоғырландыруы тиімді эффектілерін берді. Ал енді одан кейін экономикаға ғана бет бұрып, саяси белсенділікті басуы осындай трагедиялық жағдайларға алып келді", – дейді депутат.

Еске салайық, 2019 жылдың 19 наурызында Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген. Сол кездегі мәлімдемесінде ол "өзі үшін қиын шешім қабылдағанын" айтқан. Сарапшылар Қаңтар оқиғаларына дейін Назарбаевтың биліктегі ықпалы күшті болғанын айтады. Тек осы оқиғадан кейін ол видеоүндеу жасап, өзінің 2019 жылдан бері зейнеткер екенін айтқан.

Талқылау