"3 миллиард теңгеге салынған мектептің дәретханасы көшеде": Талғар тұрғындары жаңадан салынған білім ордасының сапасына наразы
Талғар тұрғындары жаңадан салынып жатқан 1200 орындық №25 қалалық мектептің сапасына наразы болды. BI Group салған жаңа ғимаратқа 3 миллиард теңге кеткен. Алайда тұрғындар қыруар қаражат кеткен мектепке балаларын жібергісі келмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Kris_p_talgar желілік басылымы тұрғындардың ренішін жариялапты.
"Әкімдік бұл жерге мақтану үшін әкелмеген адамы жоқ. Бірегей, заманауи 1200 орындық мектеп деп айтып еді. Ал қазір бұл сарайға оқушыларды да жинай алмай отыр. Сегізінші мектептің бастауыш сынып оқушыларын мәжбүрлі түрде ауыстыру арқылы толтырып жатыр. Ал заң бойынша қай мектепке баратынын ата-аналардың өзі таңдауға құқылы", – дейді тұрғындар.
Төбесінің жұқа болғаны сонша, оның үстінде жұмысшылар жүргеннен кейін бәрін басып тастаған.
Ылғалдан төбесі ісініп кеткен, қабырғаларда жырақтар бар, спорт алаңдары кір, яғни жауын суы басып кетіп отырады.
"Ең бастысы үш миллиард теңгеге салынған мектептің дәретханасы далада. Бұл ақшаға бірнеше мектепті кеңейтіп, ауданның барлық мектептерін жөндеуге болатын еді! Талғар жемқорлыққа батып кетті. Аудан әкімдігінің жұмысы сәтсіз", – деп жазылды басылымда.
Олар жаңа мектепте дәретханалардың далада болғанына наразы. Дегенмен мектеп ішінде де әжетханалар бар көрінеді.
Алматы облысы баспасөз қызметіне жағдайға қатысты Informburo.kz басылымына түсініктеме берген.
"Жаңа мектеп 1200 оқушыға есептелген. Әр қабатта дәретхана бар, тіпті бірнешеу. Бастауыш сыныптар үшін балаларға арналған шағын унитаздары бар жеке дәретханалар салынды", – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымұрат Жүкел.
Оның айтуынша, жақындап келе жатқан оқу жылына қарай және Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша Алматы облысындағы жаңа және ескі мектептердің барлығына әжетханалар орнатылды. Көшеде спортпен шұғылданатын мектеп оқушылары үшін сырттағы дәретхана өте ыңғайлы. Сондай-ақ, аудан орталығындағы суды апатты жағдайда тоқтатқанда сырттағы дәретхана да пайдалы болуы мүмкін.
Жаңа мектептің қолайсыз жерде, Инкубатор маңындағы айналма жолдың бойында салынғанына да тұрғындар наразы. Мұнда қаладын тек бір автобус жүретін көрінеді. Оның өзі жиі жүрмейді деп пікір қалдырыпты желі қолданушылары.
Оның үстіне ата-аналар әлі күнге дейін орыс тілді балалардың мектепте оқи ала ма, алмай ма білмей отыр.
Қала тұрғындары бәріне жергілікті билікті кінәлауда.
"Бұл мектепте әлі ешкім оқымады, бірақ мынадай күйге түсіп отыр. Өз балаларын осында оқуға жіберсін. Олар мүлде ештеңеден қорықпайды. Ауылдардан келгендердің өзі біздегі дүкендердің күйіне, су мен жарыққа қатысты пролема барына таңғалады. Осы үшін, біз, қала тұрғындары ұяламыз”, – дейді желі қолданушылары.